G-Park-ке алданған үлескерлер министрге талабын айту үшін жиналды

Қаракөз Амантай 11 шіл. 2024 12:31 3221

G-Park құрылыс компаниясының клиенттері Астанадағы Ішкі істер министрлігі ғимараты алдына жиналды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Kaztag.kz мәліметінше, G-Park құрылыс компаниясының наразы клиенттері министрдің қабылдауына кіру үшін ІІМ ғимаратының алдына жиналған. Олардың айтуынша, пәтерлерінің құрылысы кешіктірілген, осылайша салымшылар өткен қыркүйекте шартты бұзған, бірақ ақшасын қайтара алмаған.

G-Park-тің даулы мәселесі бүгін басталған жоқ. Бұған дейін DALA INSIDE мәселені жіті бақылап, бірнеше рет көтерген болатын. Ал жуырда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында «G-Park» құрылыс компаниясының Астанада 7 тұрғын үйді рұқсат құжаттарынсыз салып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, осы үйлерге 3,5 мың отбасының қаржы салып қойғанын айтты.

Ал DALA INSIDE мәліметінше, премьер-министр Олжас Бектеновтың дәл осы құрылыс компаниясын атап айтқаны, Сәтмағамбетовтың әр қадамын аңдып отырған құқық қорғау органдары үшін сигнал болуы да мүмкін. Одан бөлек, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек те «Сәтмағамбетов мәселесін» тезірек шешуге ниетті.

«Сәтмағамбетовтың өзін жауапқа тартумен іс бітпейін деп тұр. Экс депутат көп нәрсені бүлдірген. Іс насырға шапса, мемлекетке оның нысандарын өз қарауына алып, құжаттарын реттеп, кепілдік механизмі аясында салып бітіруге тура келеді. Себебі 3,5 мың үлескер әлеуметтік толқулар туғыза алатын күшке ие», – деп жазылған арна мәліметінде.

«Ақтөбе облысында 11 объекті бойынша алданған үлескерлер 2 жылдан бері соттасып келеді. Астанадағы «Араби-2 – Гранитный-2″ тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалық нысан деп танылған. 200-ге жуық отбасы үйлерін ала алмай отыр. Құжаттары дұрыс емес көптеген объектілердің құрылыс жұмыстары созылып кетуі мүмкін. Елордада G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Ал оған 3,5 мыңға жуық отбасы өз қаражатын салған. Атырау облысында мұндай объектілер саны – 39. Бұл – бірінші кезекте, әкімдіктердің тарапынан жіберілген кемшіліктердің салдары», – деді Бектенов Үкімет отырысында.

Осының алдында Астана полициясы Сәтмағамбетов құрылтайшы саналатын «Нұр-Сұлтан Финанс» ЖШС үлескерлерінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

«Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы үлескерлердің өтініші бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оның негізінде істің мән-жайын анықтау үшін тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалардың іс – әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, аталмыш іс бойынша шешім қабылданатын болады», – деп жауап берген еді Ішкі істер министрлігі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар