Қазақстанда ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және заманауи диагностикалық технологияларды енгізуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар бүгін өткен Freedom Talk Medtech іс-шарасында таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл бастамалардың барлығы Freedom холдингінің жобалары болып табылады. Олардың негізгі мақсаты – медициналық қызмет көрсету жүйесін дамыту, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану және сапалы медициналық көмекті шалғай елді мекендерге де қолжетімді ету.
Жобалардың бірі – Қарағанды облысында жүзеге асырылған ауылдық жерлердегі медициналық диагностика бойынша пилоттық жоба. 2023–2025 жылдар аралығында бағдарлама аясында шамамен 5 500 тұрғын медициналық тексеруден өткен. Нәтижесінде 219 пациент қосымша тексеруге жіберіліп, олардың 193-інде бастапқы диагноз расталған.
Жоба ауылдық елді мекендерде диагностикалық кешендерді пайдалану арқылы медициналық тексерулерді тұрғындардың тұрғылықты жеріне жақын ұйымдастыруды көздейді. Бұл тәсіл ауруларды ерте анықтауға, сондай-ақ шалғай ауыл тұрғындарының медициналық орталықтарға баруына байланысты уақыт пен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Freedom холдингі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, «Онлайн-медицина» пилоттық жобасын дамытуға бағытталған бастаманы таныстырды. Жоба цифрлық технологиялар мен телемедицинаның көмегімен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды көздейді.
Бағдарлама аясында медициналық қызметкерлерді оқыту, бейінді мамандардың қашықтан кеңес беруін ұйымдастыру және зерттеу нәтижелерін автоматтандырылған талдау секілді заманауи диагностикалық шешімдерді енгізу қарастырылған. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, жоба шеңберінде 62 медицина қызметкері оқытылған.
Freedom холдингінің бұл бастамалары денсаулық сақтау саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға, ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасының алшақтығын қысқартуға және цифрлық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Freedom Talk MedTech алаңында таныстырылған жобалар холдингтің медициналық технологияларды дамытуға және осы бағыттағы жүйелі шешімдерді кеңейтуге басымдық беріп отырғанын көрсетеді.