“FlyArystan әуе компаниясында ірі көлемде қаражат ұрланған”. Фостер бұл ақпаратты растады

Қаракөз Амантай 23 жел. 2024 19:09 215

FlyArystan әуе компаниясы ішкі тексеру барысында ірі көлемде қаражат ұрлау фактісін анықтаған. Бұл ақпаратты Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“FlyArystan-да қаражат ұрланғаны анықталды. Бұл билет бағасына байланысты жасалған айла-шарғылар арқылы жүзеге асқан. Тергеуді BIG4-ке (төрт ірі аудиторлық компанияның бірі) кіретін компания жүргізді. Біз бұл жағдайдың орын алғанын растаймыз”, – деді Фостер депутаттың сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Air Astana-ның еншілес компаниясындағы қаражатты ұрлау фактілері тиісті органдарға табысталған.

Еске салсақ, 4 желтоқсанда Air Astana әуе компаниясында 1 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланғаны туралы ақпарат тарады.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлім еткен еді.

“Air Astana компаниясында 1 млрд теңгеден астам қаражаттың жымқырылғаны анықталды. Бұл сома соңғы үш жылдағы аудит барысында белгілі болды. Тексеруді “Ernst & Young” ЖШС мамандары жүргізген. Олардың дерегінше, белгісіз тұлғалар әуе билеттерін брондау ақпараттық жүйесіне өзгерістер енгізіп, компания мүлкін талан-таражға салған. Аудиторлық есепті алғаннан кейін Air Astana басшылығы құқық қорғау органдарына жүгінді”, — дейді журналист.

Оның сөзінше, авиакомпания өкілі Ерболат Сүгіірбаев осы іске қатысты арыз жазған.

“Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (“аса ірі көлемде ақша жымқыру”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – деп жазды Козачков Telegram-арнасында.

Оның айтуынша, келтірілген залал сомасы 1 054 740 000 теңгені құрайды.

“Бұл ауыр қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әдетте, мұндай істер кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына қатысты тергеледі. Сондықтан ұлттық әуе тасымалдаушысының кейбір топ-менеджерлері сот алдында жауап беруі мүмкін”, – деп толықтырды Козачков.

Ал кейінірек, бұл ұрлықтың тікелей Air Astana-да емес, оның “лоукостері” FlyArystan-да болғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты бас компанияның өзі растады.

11 желтоқсан күні ҚазТАГ FlyArystan-да 1 миллиард теңге ұрлау ісі Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментінде қаралып жатқанын хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар