Дүниежүзілік EXPO-2025 көрмесіндегі 10 тамыз күні Осака қаласындағы басты символ – киіз үй болды. Бұл көшпелі халықтың баспанасы, отбасы және тұрмыс-тіршілігінің бейнесі. Қазақстан күндері аясында Астана әкімдігі қаланың туристік әлеуетін таныстырып, оның халықаралық аренадағы имиджін нығайтуды және танымалдығын арттыруды мақсат етті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
«Біз киіз үйді толықтай, дала өмірінің дәстүрлерін, эстетикасы мен философиясын сіңірген тірі кеңістік ретінде әкелдік», – деп атап өтті Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.
EXPO үшін арнайы жасалған бірегей арт-объектілер:
«Шаңырақ» кинетикалық инсталляциясы – ішкі тіректің символы. Қозғалмайтын орталық және оның айналасында тербелетін шеңберлер өзгермелі әлемдегі тепе-теңдік пен тұрақтылықты білдіреді.
«Дастархан» – ағаштан ойылған инсталляция, ондағы айналатын шеңберлер өмір ағашын бейнелейтін өрнек құрайды. Бұл қонақжайлықтың, диалогтың және ұрпақтар бірлігінің бейнесі. Авторы – Ануар Шаймерденов.
«Қарлығаш ұясы» – әйел күші мен қамқорлығы жайында. Ұшып бара жатқан қарлығаштар, ұя және ортасындағы шаңырақ естелік, сабақтастық және шексіз қозғалыстың метафорасын көрсетеді.
Күн ішінде суретші Ринат Әбдірахмановтың туған шаңырағының тақтайларынан жиналған «Естелік осі» мүсінімен арт-перформанс өтті. Нысан дәстүр мен цифрлық болашақ арасындағы өсу нүктесі ретінде бейнеленеді.
Dala бренді Samal топтамасын ұсынды. Бұл – қазақ эстетикасының заманауи интерпретациясы. Жеңіл пішіндер, табиғи маталар және даланың табиғи түстері мәдениетті стиль мен пішін арқылы күнделікті өмірдің бөлігіне айналдырады.