Exit poll: Тоқаев - бірінші, Қосанов - екінші

Dalanews 09 мау. 2019 18:24 1202

"Қоғамдық пікір" институты exit poll нәтижесін жариялады.

Exit poll мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев 70,13 пайыз дауыс жинаған.

Бұл туралы "Қоғамдық пікір" институтының кеңес төрайымы Айнұр Мәжитова Нұр-Сұлтандағы брифингте жариялады.

Exit poll нәтижесі төмендегідей:

Жамбыл Ахметбеков - 3,86

Дания Еспаева - 5,32

Әміржан Қосанов - 15,39

Төлеутай Рахымбеков - 3,03

Амангелді Таспихов - 1,41

Касым-Жомарт Тоқаев - 70,13

Сәдібек Түгел - 0,86



"Қоғамдық пікір" институты күні бойы сайлау учаскелерінде азаматтармен сауалдасып Exit poll жүргізді. Барлығы 325 сайлау учаскесінде сайлаушылармен пікірлестік. Соның ішінде облыс орталықтыры мен Нұр-Сұлтан, Алматы және де Шымкент қалаларында 97 учаскі, шағын қалаларда 94 учаске, ал ауыл округтерінде 134 учаске қамтылды", - деді Айнұр Мәжитова.

Ескерте кетелік, бұл көрсеткіштер "Қоғамдық пікір" институтының сайлау учаскелерінде жүргізген сауалнамасының нәтижесіндегі экзит-полл көрсеткіші. Қателесу мүмкіндігі - 3 пайыз. 


Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметіне сәйкес, сайлауда халықтың  77,4 пайызы дауыс берген.  

Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңғы 07:00-де жұмысын бастап, кешкі 20:00-де жабылды. Қазақстандықтар он мыңға жуық сайлау учаскесінде дауыс берді. 

Уақыт белдеуіне байланысты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы сайлау учаскелері елорда уақытымен жұмысын 08:00-де бастаған болатын.

Осы жолғы президент сайлауында тізімге енгізілген сайлаушылар саны 11 миллион 947 мың 995 адамды құрады.


Сайлау кезінде дауыс берген азаматтардың арасында өткізілетін анонимді сауалнама "Exit Poll" деп аталады. Экзит-полл сайлаудың алдын ала нәтижесін жасау арқылы оны бұрмалауға жол бермейді.

"Сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, қоғамдық пікірге арналған сауалнаманы заңды тұлғалар өткізе алады. 

Осы жолғы президенттік сайлау кезінде орталық сайлау комиссиясы социологияық зерттеулерді өткізу бойыша екі ұйымның құжаттарын қабылдады. Олар - "Қоғамдық пікір" институты" қоғамдық ұйымы және "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" ЖШС. 

Бұдан бұрын Тоқаев барлық оппозициялық күштерді ашық диалогке шақырған болатын.

"Жастардың билікке қарсы шығып-шықпауы маңызды емес. Мен жастар санатына кіретіндердің барлығы халқымыздың алдында тұрған маңызды мәселелерді шешу жолында бірігетініне сенемін. Әлем тұрақсыз болып барады. Соған қарамастан, біз адамдардың пікіріне құрметпен қараймыз. Біз билікке қарсы адамдармен де, қолдайтындармен де ашық диалог жүргізуге дайынбыз", - деді Тоқаев өзі дауыс берген учаскеде. 

"Мен барлық заң органдарына азаматтар тарапына дұрыс жұмыс жасауды тапсырдым. Кешірілмейтін қылмыстар да болады, әрине. Бірақ пікір айтуға барлығы құқылы. Мен жастарды билік бағытына сабырмен қарауға шақырамын.Біз елімізді дамыту үшін бәр болуымыз керек, ашық диалогтар ұйымдастыруымыз керек", - деген-тұғын Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар