Еуропалық комиссия Украинаға 4 млрд еуро көлеміндегі кезекті несие траншын бөлу туралы шешім қабылдады. Қаржы ЕО аумағындағы Ресейдің бұғатталған мемлекеттік активтерінен алынбақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл – ерекше несие бағдарламасы аясында бөлінген тоғызыншы транш. Соғыс басталғалы ЕуроОдақ Украинаның ең ірі демеушісіне айналған. Бүгінде Украина бюджетінің 40 пайыздан астамы шетелден келген қаржылай көмекпен қалыптасады.
Қаржы бөлу процесі басталып кетті: 3 млрд еуро бастапқы транш ретінде қарастырылса, тағы 1 млрд жуық арада беріледі. Бұл қаражат Украинаға әлеуметтік және экономикалық қажеттіліктерді өтеуге, сонымен бірге қорғаныс саласын қаржыландыруға жұмсалады. Оның ішінде 2 млрд еуро дрондар сатып алуға бағытталмақ.