Этномедиация қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды құралы

Dalanews 26 мам. 2022 05:59 718

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілхановтың төрағалығымен, мемлекеттік органдар мен медиаторлар қоғамдастығының қатысуымен ҚХА республикалық Медиация кеңесінің отырысы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың еліміздегі этномедиация институтын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

– Медиацияның дамуы, яғни, даулы және жанжалды жағдайларды шешу барысында азаматтардың ымыраға келуге дайындығы қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды белгілерінің бірі болып табылады, – деп атап өтті Марат Әзілханов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта күн тәртібінде этномедиаторларды дайындау жүйесін құру және қызметтік міндеттеріне байланысты осы салада жұмыс істейтін адамдарды тиісті дағдыларға үйрету міндеті тұр.

М.Әзілханов бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп, оқу бағдарламасы әзірленіп, алғашқы пилоттық курс өткізілгенін атап өтті.


Кеңестің негізгі мәселелерінің бірі Этномедитация оқу орталығын құру, этномедиация курстарын және этносаралық қатынастар саласындағы кәсіби келіссөз жүргізушілердің оқуын ұйымдастыру болды.

Осы тұрғыда қойылған міндеттерді сапалы және кешенді іске асырудың негізгі тәсілдерін әзірлеу қажеттілігі талқыланды. Сондай-ақ, өңірлерде Достық үйлері мен медиация кабинеттері базасында халық үшін тоқсан сайынғы ашық есік күндерін өткізу қажеттілігі нақтыланды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар