Алматы облысынан бастау алған акция аясында ғалымдардан, түрлі этнос жастарынан құралған экспедиция мүшелері еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, киелі орындарда тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Бүгін акция эстафетасын Жамбыл облысының жастары Түркістан облысына табыстады. Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен шараға Жамбыл облысының делегациясы, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшелері қатысты.
Жиынды Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов ашып, жобаның маңызына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан іс-шара Қазақстанның бай мәдени мұрасымен жастардың терең танысуына мүмкіндік береді. Сол арқылы жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қазақстандық бірегейлікті, елдің бірлігін нығайту көзделуде. Акция барысында ұйымдастырылатын эко-сенбіліктер қасиетті нысандарды күтіп, қастерлеудің маңыздылығын артырады,- дейді Ербол Сүлейменұлы.
Жиыннан кейін экспедиция мүшелері өңіріміздегі тарихи-мәдени орындарға жол тартты. Олар бүгін «Отырар төбе» қалашығына, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына, «Арыстанбаб» кесенесіне, Түркістандағы облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталығына, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайына барып, тарихи құндылықтарымен танысады.
Айта кету керек, «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 5-9 мамыр аралығында Жеңіс күніне орай «Қамқор» атауымен өтті. Екінші кезеңде, яғни 28-37 мамыр аралығында «Тағзым» акциясы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынды.
Еліміздің барлық аймағында өтіп жатқан акция 15-18 тамыз күндері «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы мүшелерінің қатысуымен Алматы облысында қорытындыланады.