Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи соңғы күндері су тасқынына байланысты әлеуметтік желілерде негізі жоқ желсөз желдей есіп жүргенін мәлімдеді. Оның сөзінше, табиғи апатты пайдаланып, дабылға қиқу қосып кеткендер де бар. Мұны депутат "жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының" керін келтіріп жүр деп атады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Иә, орын алған апатты жағдайдың ушығып кетуіне себеп болған жергілікті биліктің қамсыздығы мен дәрменсіздігіне қатысты сын айтылуы керек. Бірақ сын – шын болуы тиіс және ол сын билік пен қоғамдағы қателіктерді түзеуге сеп болғаны жөн. Ол сын қоғамға лаң салып, іріткі тудырмауы тиіс.
Дегенмен көзіқарақты адамға бұл ақпараттық өрттің бір пұшпағын "Ескі Қазақстанның" өкілдері үрлеп жүргені байқалады. Олардың мақсаты айқын – елдегі ереуіл жағдайды еселеп, өшпенділікті өршіту және сол арқылы қоғамда тұрақсыздық тудыру", - деді ол.
Бапидің айтуынша, олар нәтижесінде "мемлекеттік органдар орашолақ, билік берекесіз" деген қоғамдық пікір тудырып, қазіргі мемлекет басшысының беделін түсіріп, халықты жік-жікке бөлуді көздесе, екінші жағынан, 30 жылғы әрекетсіздіктері мен жемқорлығы салдарынан әбден қордаланып, бүгінде болып отырған табиғи апаттан өздерін арашалап алғысы келеді.
"Жекелеген өңірлерді топансудың басуы, өзендердің арнасына сыймай тасуы – бір күннің, не бір жылдың кінараты емес. Бұл – көктемгі су тасқынына бөлінген қаражаттың 30 жыл бойы талан-таражға түсуінің, апаттың алдын алуға және су қоймаларына арналған бөгеттер мен арналардың салынбауының, өзендер мен арықтар арнасының кеңейтілмеуінің салдары. Тиісті гидрогеологиялық ғылымды құртып, су шаруашылығы саласын таратып жіберудің зардабы. Қазіргі қолданыстағы су қоймалары мен бөгеттер өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған.
Мәселен, Тарбағатай мен Зайсандағы мен өз көзіммен көріп қайтқан Қандысу және Үйдене су қоймалары 1960 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Кендірлік өзеніне су қоймасын салу жөнінде 1990 жылы көтерілген жергілікті бастаманы құлаққа қыстырған ескі билік жоқ. Мұндай керенау фактілер басқа аймақтарда да орын алғанын тасқын басқан өңірлерге барып қайтқан депутаттар да айтып келді", - деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың сөзінше, елде соңғы 30 жылда бір де бір жаңа су қоймасы салынбаған. Ал қазір соның зардабын тартып отырмыз.
"Жемқорлықты бұйдасыз жіберіп, халықтың қазынасы есебінен шылқып байыған ескі жүйенің тасада отырған жымысқы жемқорлары бұған бүгінгі жаңа буынды кінәлі қылмақ ойлары бар.
Енді міне, елдегі апатты жағдайды пайдаланып, "ескі Қазақстанның" өзеуреген өкілдері ақпараттық майданның отына май құя бастады.
"Шал, кет!" деген ескі ұранды жаңғыртып, "шал, кел, біз асығыстық жасаппыз" деген далбасаны жалаулатып, ескіні аңсаудың амалымен ағайын арасын арандатқысы келеді. Кімнің – кім екенін, "ескі" мен "жаңаның" айырмасын халық жақсы білуі тиіс.
"Ескінің" есесін іздегендер тик-ток желісіне салып, әлеуметтік желілер мен уатсаб сегментінде тарап жатқан "Тоқаевтың кезінде халық кедейленіп кетті" деген технологиялық пропагандаға қарсы көптеген дерек келтіруге болады. "Сезікті бұрын секіреді" дегендей, ескі Қазақстанның кейбір өкілдері "мұндай ақпаратқа біздің қатысымыз жоқ" деп, ат тонын ала қашып, ақталып бағуда", - деді ол.
Ермұрат Бапи қоғамның "құлағына алтын сырға" болсын деп біраз салыстырмалы мысал келтірген.
"Тапсырыспен жасалған саяси өлімдер қай биліктің кезінде жасалып еді? Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің атылуына дейін, "ДАТ" газетінің журналистері Асхат Шәріпжанов пен Құрманбекті кім өлтіріп кетті? Танымал оппозициялық журналистер Нүри Муфтах пен Батырхан Дәрімбет жолдың шетінде жаяу тұрып, автомобиль аптына қалай тап болды? "Закон и правосудие" газетінің журналисті Оралғайша Омаршанова бір түннің ішінде қалай жоғалып кетті, 2007 жылдан бері оның өлігі неге табылмады?
Қоғамдық-саяси газеттер – "ХХІ век", "Эпоха", "Сөз", "Трибуна", "Республика" және басқалары, тәуелсіз "Максимум" радиосы, "Макс" тәуелсіз телевизиясы кімнің билігі кезінде жабылды?! "Таң" телекомпаниясының толқын тарату мұнарасы кімнің кезінде жарылды?!
30 жылдың ішінде «ДАТ» газетін 11 рет кім жаптырды?! Тәуелсіз интернет-сайттар «Навигатор» мен «Navi.kz» қай Қазақстанның кезінде қудалауға тап болды? Тәуелсіз БАҚ-тардың редакцияларына кімнің билігі кезінде қарақшылық шабуылдар жасалып, дүие-мүлкі өртелді?
Орыстар айтпақшы, «все познается в сравнениях», «Жаңа Қазақстанның» кезінде осының бір де бірі болды ма? Әрине болған жоқ, болмайды деп сенеміз!" - деді ол.
Сонымен қатар, депутат Ескі Қазақстан қандай айлаға барып отырғанын айтты.
"Оның бір себебі – халыққа айтары бар, абырой-атағы бар қоғам белсенділерін «ескі Қазақстан» өз бауырына баса басып, оларды «Жаңа Қазақстанға» қарсы айдап салу үшін белгісіз бір қорлардың атынан түсініксіз гранттар беруде. Жекелеген қоғамдық пікір лидерлерін сатып алуда. Ал халықтың саяи тұрғыда сауатсыз өкілдері далбаса дабыраға қиқу қосуға әуес.
Дегенмен, қалай десек те, реваншистік күштердің дегені болмайды. Өйткені қазақ әрдайым бірлік пен берекені бірінші орынға қояды. Қиын-қыстау сәтте бар қазақ бір қазақ болып, бір тудың астынан табылады. Мұны қазіргі жағдай көрсетіп отыр.
Сондықтан ел Үкіметіне, Бас прокуратураға ақпараттық кеңістігімізге тұрақты мониторинг жасап, елдің бірлігіне сына қағатын, арандатушылық сипаты бар, заңға қайшы, негізі жоқ фейк ақпараттарды таратудың алдын алу шараларын қолға алуды ұсынамын", - деді Бапи.