Есілде аудандық аурухананың дәрігері жұмбақ жағдайда көз жұмды

Есілде аудандық аурухананың дәрігері жұмбақ жағдайда көз жұмды
Фото: Криминальный Казахстан

Ақмола облысының Есіл қаласында аудандық ауруханада терапевт болып жұмыс істеген 38 жастағы әйелдің денесі өз үйінен табылды. Бұған дейін ол қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде Көкшетауға барып, тергеу амалдарына қатысқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақпаратқа сәйкес, тергеу кезінде дәрігердің ұялы телефоны тәркіленген. Үйіне оралғаннан кейін әйел жұмысқа шықпаған. Оны іздей бастаған әріптестері мен туыстары кейін марқұмды үйінен тапқан.

Оқиға орнынан анасына арналған қоштасу хаты табылғаны хабарланды. Онда: "Сағынатын боламын", - деп жазылған.

Полиция суицидке дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел өзіне қол жұмсаған.

Әзірге дәрігердің қазасы жауап алумен немесе өзге де тергеу әрекеттерімен байланысты екені анықталған жоқ. Құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен мән-жайын тексеріп жатыр.