Есіл өзенін қоқыстан тазарту ісі жүйелі жүруде

Dalanews 08 шіл. 2021 14:53 871

Елорданың коммуналдық қызметтері Есіл өзені мен оның салалары – Ақбұлақ және Сарыбұлақ су айдынын тазарту жұмысын жүйелі түрде жүргізуде, – деп хабарлайды Dalanews.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Есіл өзенінің аумағында, сондай-ақ оның салалары – Ақбұлақ және Сарыбұлақ арналарының айдынын, жағасын тазарту жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Бригада жұмысшылары түрлі қоқыстардан, артық өсімдіктерден тазартады, – деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Жігер Саттарова.

Сонымен қатар, «Астана су арнасы» МКК Есіл өзенінің арнасы – Ақбұлаққа сорғы-сүзгі станциясынан шайынды су ағызады. Мамандар бұл су таза және қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз екенін мәлім етті.

–  «Астана су арнасы» МКК сорғы-сүзу станциясы Экология департаментінен эмиссияға және бассейндік инспекциясының рұқсаты бойынша Ақбұлақ өзеніне шайынды су ағызады. Суды ағызу белгіленген норматив бойынша жүргізіледі. Маусым айында Экология департаменті су сынамаларын жүргізіп, жоспардан тыс тексерді, оның негізінде белгіленген нормадан асып кету анықталған жоқ, – деп түсіндірді «Астана су арнасы» МКК сорғы-сүзу станциясының жетекші инженер-технологы Татьяна Смолкова.

«Астана су арнасы» МКК мәліметі бойынша Ақбұлақ өзеніне сорғы-сүзу станциясынан ағызылатын су жағымсыз иістің көзі болып саналмайды. Қайта бұл су таза әрі қауіпсіз болып есептеледі.

«Астана су арнасы» МКК кәріз-тазарту құрылғылары Көктал және Талапкер тұрғын алаптарының арасында, яғни Есіл өзенінің қаладан тыс ағысына қарай ағызылады. Ал тазартылған судың сапасы нормативке сәйкес келеді», - деп хабарлады «Астана су арнасы» МКК бас инженер-технологы Фируза Алдынғұрова.

Кәсіпорын 10 күн сайын ағызылатын судың сапасына қатаң бақылау жүргізеді.

Қаланың нөсер кәрізін тазарту бойынша «Elorda Eco System» кәсіпорны жүйелі жұмыс жүргізуде. Оған күн сайын 25-тен астам арнайы техника мен 80-ге жуық жол жұмысшы жұмылдырылады. Сол сияқты ашық немесе бұзылған люктерді, нөсер желісінің торын жабу үшін тұрғындардан түскен өтінімдер пысықталуда.

Коммуналдық қызметкерлер 2021 жылдың 1 қаңтары мен 7 шілде аралығында ұзындығы 19 мың метрден астам коллекторды жуды, сол сияқты 1 723 жауын қабылдағыш құдықты тазартып, 918 тонна лай шығарды.

Нөсер кәрізінің желісіне заңсыз қосылып, қалдық су ағызылғаны анықталуда. Жыл басынан бері жалпы ұзындығы 54 000 метрдің бойынан 3 120 құдық тексеріліп, оған заңсыз қосылған 114 жағдай анықталды. Оның ішінде 1,5 млн теңгеден асатын сомаға 114 ескерту беріліп, 119 айыппұл салынды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар