Қазақстаннан минералды шикізат экспорты мәселесі соңғы айларда таза техникалық дискурстан шығып, қоғамдық және саяси деңгейдегі талқылауға айналды. Парламент пен медиа кеңістігінде ел аумағынан шығарылатын руда мен концентраттың нақты құрамын бақылау мәселесі көтерілгеннен кейін, бұл тақырып мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігімен тікелей байланысты күрделі сұраққа айналды. Әсіресе, ілеспе компоненттердің, ұлттық экономика үшін стратегиялық маңызы бар сирек кездесетін металдардың толық әрі дәл есепке алынбай қалуы мүмкін деген мәлімдемелер қоғам назарын өзіне аударды.
Пікірталастың ушығуына биыл «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтің уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдаған депутаттық сауалы түрткі болды. Онда принципті мәселе көтерілдіген еді. Мемлекет экспортқа жөнелтілетін минералды шикізаттың нақты құрамын қаншалықты тиімді бақылап отыр және талдау мен есепке алу жүйесіндегі олқылықтар салдарынан бюджет айтарлықтай кірістен қағылып отырған жоқ па?
Осы сұрақтардың аясында елдегі ірі жер қойнауын пайдаланушылардың бірі - «Қазақмыс» корпорациясы қоғамдық назардың ортасына шықты. Талқылауға компанияның химиялық зертханаларының бұрынғы басшысы Бақыт Әділованың «Гиперборей» YouTube-арнасында жасаған ашық мәлімдемелері себеп болды.
Әділованың айтуынша, мәселе кәсіби ортада жедел технологиялық бақылау үшін қолданылатын, жартылай сандық сипаттағы рентген-спектрлік талдау әдісіне тіреліп отыр. Бұл әдіс өндірістік процестерді оперативті бақылауға қолайлы болғанымен, маманның сөзінше, ұлттық және мемлекетаралық стандарттар экспорттық операциялар, өзара есеп айырысу және кедендік рәсімдер кезінде толыққанды химиялық талдауды талап етеді. Яғни, мәселе әдістемелік айырмашылықта ғана емес, есептің дұрыстығы мен мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауда жатыр.
Бақыт Әділова 2019 жылдан бастап Балқаш өңіріндегі орталық химиялық зертханалардың аутсорсингке берілуіне ерекше назар аударады. Оның пікірінше, дәл осы кезеңнен бастап бақылау жүйесінің ашықтығы әлсірей бастаған. Мыс концентраты тек мыс қана емес. Оның құрамында әлемдік нарықта сұранысы жылдан-жылға артып келе жатқан бағалы және сирек кездесетін элементтер бар. Егер осы ілеспе компоненттер толық әрі дәл есепке алынбаса, мемлекет экспортталатын ресурстың нақты құнын бағалай алмайды.
Наурыз айының басында аталған мәселе ресми түрде парламент алаңына шықты. Мәжілісте Азат Перуашевтің депутаттық сауалы жолданып, онда баспасөзде жарияланған материалдар мен «Гиперборей» арнасында айтылған деректерге тікелей сілтеме жасалды.2025 жылдың қазан айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қосымша бақылау тетіктерінің қажеттігін іс жүзінде мойындады. Ведомство «Эксклюзив» басылымының сауалына берген жауабында сирек кездесетін металдарға қатысты бақылауды күшейту жоспарларын жария етті. Атап айтқанда, халықаралық қатысушылармен бірлесіп мамандандырылған зерттеу орталығын құру, сондай-ақ аккредиттелген зертханалар тізімін қалыптастыру көзделіп отыр.
Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда металдық бақылаудың көзден таса жасалуына жол беруге болмайды. Бұл мемлекеттің есепке ілінбей қалған байлығын ұрлау сынды процестер туғызуы мүмкін.
