ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев алғашқы жұмыс сапары аясында «Qarmet» АҚ ірі металлургиялық зауытында, сондай-ақ Саран қаласындағы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарында болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министр бүкіл зауытты кешенді жаңғырту бойынша «9-5-5» инвестициялық бағдарламасының орындалу барысымен танысты.
Болат басқармасының негізгі нысандарына экскурсия жүргізіліп, ағымдағы өндірістік көрсеткіштер, монтаждау-жөндеу жұмыстары және зауыттың айналасында ШОБ белдеуін құруды көздейтін металлургиялық кластерді жүзеге асыру жоспарлары туралы ақпарат тыңдалды.
Министр «Qarmet» АҚ жан-жақты жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын және Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Инвестордың алдында өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өндіріс қуаттылығын арттыру және тиісті сападағы болат өнімдерінің жаңа түрлерін игеру бойынша елеулі міндеттер тұр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл бағытта қажетті қолдау көрсетеді.
2024 жылдың соңында «Qarmet» АҚ-да шойын өндірісі 14%-ға, болат өндірісі 18%-ға өскенін атап өткен жөн.
2025 жылы 3,3 млн тонна шойын және 3,7 млн тонна болат, тиісінше 5% және 6% құрайтын өндірістік өсімге қол жеткізу мақсаты қойылған.
Министр кәсіпорын басшылығына инвестициялық бағдарламада көзделген барлық жүктелген міндеттемелерді, оның ішінде негізгі нысандар – Домна, Ұзын прокат және Табақ прокат цехтарын жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.