Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық құрылтай құрамына енген жағдайда бұл ұсынысты қарастыруға дайын екенін, алайда онсыз да атқарып жатқан маңызды жобалары жеткілікті екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта бірнеше жаңа бастама қолға алынған. Соның бірі – биылғы «ДАТ» газетінің 30 жылдығына арналған «30 жылға – 30 іс» жобасы.
«Өтсем, әрине, қарастырамын. Бірақ менің онсыз да атқаратын шаруам көп. Соңғы уақытта бірнеше жаңа жобаны қолға алдым. Мәселен, биыл “ДАТ” газетінің 30 жылдығына орай “30 жылға – 30 кітап” бастамасы аясында бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Кітаптар шығару жоспарым да бар», – деді депутат.
Бапидің айтуынша, бұған дейін басталып, аяқталмай қалған жобаларды да жалғастыру жоспарда бар.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда Қазақстанның жаңа тарихына қатысты ауқымды жобамен айналысып жатқанын жеткізді.
«Ең бастысы Қазақстанның жаңа тарихына қатысты үлкен жобаны қолға алдым. Қазір соның үстінде жұмыс істеп жатырмын. Сондықтан Құрылтай құрамына енбей қалсам да, қоғамға және халыққа пайдасы тиеді деп ойлайтын маңызды шаруаларым жеткілікті», – деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың пікірінше, қоғамға қызмет ету тек белгілі бір кеңесші немесе консультативтік органның мүшесі болумен шектелмейді. Оның айтуынша, елдің қоғамдық-саяси өміріне ықпал ететін бастамаларды түрлі алаңдарда жүзеге асыруға мүмкіндік бар.