Ермекбаев жалған салафизммен қалай күреспек?

Dalanews 28 қыр. 2017 12:22 850

Еліміздегі дін саласының тізгінін Ермекбаевқа тапсырғалы бері осы саланың төңірегіндегі түрлі мәселе күн тәртібіне қойылып, қызу талқыланып жатыр.

Күні кеше Үкіметте есеп берген Ермекбаев еліміздегі діни ахуал туралы тағы айтты. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың қалай жүргізіліп жатқанын баяндады. Ол не дейді?

 

Басты мәселе

Бұдан бұрын «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы" әзірленген-тұғын. Оны Назарбаевпен бекіткен. Соған сәйкес мемлекет діндердің канондық және діни жоралғы мәселесіне араласпайды, бірақ заңдардың сақталуына бақылау жүргізеді.

Ермекбаев атап өткендей, тұжырымдама негізінде заң жобасы әзірленіпті. Онда 12 заң мен 3 кодекске шамамен 60-қа жуық түзету мен толықтыру енгізу қарастырылуда. Негізгі өзгертулер неге қатысты сонда?

– Айтайын. Дінге деген көзқарастарына қарамастан барлық азаматтардың құқықтарын қорғау; діни бірлестіктердің қызметіне қолайлы және түсінікті жағдай жасау; деструктивті насихаттың кез-келген түрлеріне тосқауыл қою, – дейді Ермекбаев.

Бұдан сырт діни экстремизмнің алдын-алудың жаңа тәсілі енгізіліпті. Тәсіл дегеніміз не? Біздіңше, күрес. Ермекбаев та соны меңзеп отыр.

«Үкімет «жалған салафизм бізге жат» деген ұстанымын ашық білдірді. Кейбір елдер үшін бұл ағым лайықты болуы мүмкін. Бірақ біздің қоғам бұл ағымның деструктивті екендігі туралы нақты және түсінікті бағдар алды. Біз тыйым салу жолымен әзірше жүрмедік. Түсіндіру жұмыстарына басымдық берудеміз», – деді Дін істері министрі.

Білсек, Ермекбаев айтқан түсіндіру жұмыстары нәтижесін беріп жатқандай. Министрлік алдымен сауалнама жүргізді. Жұрттың 85 пайызы теріс діни идеяларды қабылдамайтынын айтқан.

Бұдан сырт министрлік жат ағымдардың жетегінде кеткендердің біразын тура жолға түсіріпті. Осы күнге дейін 2500 адам дәстүрлі дінге сеніміне қайта оралған.

 

Теріс бағыттағы сайттарды қалай ауыздықтаймыз?

Қазіргі дін, оның уағызы мен насихаты қалай, қандай жолмен таралады? Халық дінге қатысты түрлі ақпаратты қалай және қайдан алады? Ғаламтордан.

Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрiнің айтуынша, бір ғана биылғы жылы ведомство мамандары 3 мыңға жуық сайтты талдаған. Солардың 1500-і, (ойлап көріңіз 50 пайызы) заңсыз, анығырақ айтсақ, теріс бағыттағы ақпарат таратумен айналысыпты.

«Дiни материалдарды тарату каналдарына тұрақты түрде сараптама жүргізіп тұрамыз. Интернетте заңға қайшы әрекет ететiн контенттер ашылып, анықталып, жұмысы тоқтатылып жатыр қазіргі күні», – дедi Ермекбаев.

Діннің тоңын айналдырып, теріс бағыттағы ақпарат таратумен айналысатын сайттардың тынысы тарыла түспек алдағы уақытта. Ермекбаевтың сөзіне қарағанда,  қазір Бас прокуратура мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі күш жұмылдырған «Кибербақылау» жобасы іске қосылған. Соның аясында арнайы сайт ашылыпты. Соның нәтижесінде ендігі жерде арандататын, теріс пиғылдағы діни сайттарды анықтау жеңілдей түседі.

 

Күмәнді ұйымдардың мақсаты қандай?

Әрине, жиында жалғыз Ермекбаев сөйлеген жоқ. Үкімет сағатында депутат Мәулен Әшімбаев аса маңызды мәселені ортаға салды. «Балаларды күмәнді діни ұйымға тартқандарды қатаң жазалау керек» деді ол.

Негізінде, Дін министрлігі мұны баяғыдан айтып жүр. Әшімбаевтың пікірі осы мәселені өзектендіре түскен сияқты. Айтуынша, Қазақстанда 30 мыңға жуық баланың діни сауатын ашатын 1 мыңнан аса білім беру орталығы бар екен.

«Олар түрліше аталады. Кейде интернет дейді. Кейде қор дейді. Кейде жазғы лагерьге айналып кетеді. Сорақысы, жауапты органдар бұл ұйымдардың көпшілігі не істеп, не тындырып жүргенін білмейді. Бақыламайды. Бас прокуратураның мәліметінше, бұлардың қатарында күмәнді ұйымдар бар. Күмәнді ұйымдардың мақсаты қандай? Баланы деструктивті діни ағымдардың қақпанына түсіру. Осы себепті баланы бала жасынан діни ұйымның қатарына тартқандар, қосқандар үшін жазаны күшейту керек», – деді Әшімбаев.

Депутаттың айтуынша, мұның бір жолы дін саласын бүге-шігесіне дейін білетін білікті мамандар дайындау әрі оларды жұмыспен қамту.

 

Дінтанушыға жұмыс бар ма?

Осы жиында сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов дін саласындағы тағы бір түйткілдің шетін шығарды.

Айтуынша, Қазақстанда дінтанушыларды жұмыспен қамту қиын.

«Бірақ қамтуға тырысып жатырмыз. Биыл 200-ден астам орын осы мамандыққа бөлінді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыстың санын арттыруға тырысып жатқан жайымыз бар. Бүгінде елдегі алты  ЖОО-да осы бағыт бойынша мамандар даярлануда. Жалпы саны 1046 адамды құрайды» деді Сағадиевтің орынбасары.

 

 

Ермекбаев кімдерге арқа сүйейді?

Ермекбаев бұдан бұрын да айтқан. Елдегі діни мәселелерді реттеуде діни бірлестіктермен қоян-қолтықтасып жұмыс істейміз деп. Үкімет сағатында осы пікірін кеңінен тарқатып өтті.

«Бұлар (діни бірлестіктерді айтады, – ред.) біздің әріптесіміз. Бұларға арқа сүйейміз. Бірақ сүзгіден өтеді. Ең сенімділері іріктелініп алынады. Екі талабымыз бар. Алғашқысы, дінді саясиландырмауы керек. Кейінгісі басқа ұстанымдағыларды айыптамауы қажет», – министр.

Жиында зайырлылық мәселесі тағы көтерілді. Зайырлылық атеизм бе?

«Жоқ, қайталап айтайын бұл екеуінің үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деді дәл осы жиында Ермекбаев.

Бірақ бір мәселе бар. Діни қағидаларды сөзбе  сөз, жолма жол орындайтын кейбіреулер діни қағидаларды зайырлылық принципінен жоғары қойып отыр.

«Бұл мемлекетке қауіп. Шиеленістің көзі. Бізде діни аудитория бар. Солар теріс ағымдардың ықпалынан сақтау керек», – деді министр.

Ермекбаев осы арада дінге қатысты бірқатар қызықты мәліметпен бөлісе кетті. Айтуынша, ел азаматтарының шамамен 10 пайызы өздерін атеист немесе агностик деп санайды екен. Халықтың 75 пайызы өздерін Құдайға сенушілер қатарына жатқызады, бірақ діни жоралғыларды тұрақты ұстанбайды. Ал діндарлардың 16 пайызға жуығы барлық діни жоралғыларды ұстанады.

«Бастысы діни фанатимзге жол бермеу қажет. Мұның арты радикализмге ұласады. Мәселе  — тек діни сауатсыздықта емес, діни білім тиісті тәрбие мен саяси сауаттылықпен байланыста болуы керек", — деп атап өтті министр.

 

Екпеден бас тартқандарға жаза күшейе ме?

Екпеден бас тартқан ата-аналардың мәселесін Ермекбаев біраздан бері айтып келеді. Үкімет сағатында осы мәселе сөз болып, Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой бұған қатысты қандай шешім қабылданғанын айтты.

Бұдан былай екпеден бас тартқан қазақстандықтар осының себебінен сырқаттанып қалса, емделу ақысын қалтасынан төлейді. Анығы, бұған қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ қарастырылып жатыр.

Цой бұл ретте радикалды діни ағым өкілдерінің екпе жасаудан бас тартатынын да тілге тиек етті.

"Біз ол бойынша дін өкілдерімен, осы топтардың ішінен, екпенің зияндығы туралы айтып жүрген адамдарды тауып, олармен жұмыс жасап жатырмыз"", – деді ол.

Екпе салу мәселесі мен діни қағидаттардың арасындағы қайшылықтың салдарынан соңғы жылдары елімізде екпеден бас тарту жағдайы жиілеген. Мұндай белсенділік батыс өңірлерде кеңінен тарап, жалпы саны 80 пайыздан асқан. Атырау облысында екпеден бас тартқандар 88,9%, Ақтөбе облысында – 87,9%, Батыс Қазақстан облысында − 89,3% құраған. Діни көзқарастар бойынша екпеден бас тартудың ең жоғары көрсеткіші Оңтүстік Қазақстан облысында тіркеліп, 71,3% құраған.

Екпеден бас тартудың негізгі себептерінің ішінде діни көзқарастың үлесі − 42 пайыз екен.

 

Бұдан былай...

Еліміздің барлық өңірінде діни рәсімдер біркелкі өткізілетін болады. Бұл да — Дін істері министрінің бастамасы.

«Соңғы кезде өңірлерде бір мағыналы рәсімдерді имамдар әртүрлі атқарады деген шағым көбейіп кетті. Сондықтан, біз ҚМДБ-мен рәсімдерді біріздендіру керек деген келісімге келдік. Бұл — догмалық, канондық мәселе, сондықтан біз бұл мәселенің мазмұнына араласпай, мүфтиятқа ұсыныс бердік. Таяуда мүфтият жаназа шығару бойынша кітап шығарды, оны барлық өңірге таратып берді", — деді Ермекбаев.

Дін істері министрлігі сонымен қатар имамдардың біліктілік деңгейін арттыруды көздеп отыр. Ведомство басшысының атап өткеніндей, осы мақсатта "Нұр Мүбәрәк" университетінің базасында экстремизмнің алдын алу саласында қайта даярлау институты құрылған. Осы институтта биыл 40 имам және теолог-маман қайта даярлаудан өткен. Келесі жылы олардың саны 100-ге жетпек.

 

Думан БЫҚАЙ 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар