Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыда БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Реджина Де Доминичиспен кездесті деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ерлан Қарин балаларды қорғау және олардың қауіпсіздігін сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін әрі бұл мәселе ел Президентінің жіті назарында тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанда балалар құқығын қорғаудың заңнамалық және институционалдық негіздері қалыптасқанын айтты. Мәселен, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қабылданды. Заңға сәйкес буллинг үшін жауапкершілік енгізіліп, зорлық-зомбылықтың барлық түріне қатысты жаза күшейтілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар 30 пайызға, ал балалар мен жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу қылмыстары 12,5 пайызға азайды.
Сондай-ақ балаларды қорғаудың түрлі аспектілеріне, атап айтқанда, балалар мен отбасыларға көмек көрсету инфрақұрылымына, тұрғын үймен қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу шараларын енгізуге қатысты 7 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасуда.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. «Қазақстан балалары» кешенді бағдарламасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде.
Бұған қоса бала құқықтарын қорғау жүйесін өңірлік деңгейде одан әрі нығайту ісі жалғасып жатыр. Осы бағытта бала құқықтары жөніндегі басқармалар құрылып, қорғаншылық ұйымдарының штаты ұлғаюда.
Реджина Де Доминичис Қазақстанның бала құқықтарын қорғау саласында қабылдаған шараларын жоғары бағалады. Сондай-ақ еліміздің бұл ретте өңірге ғана емес, Еуропаның бірқатар мемлекетіне үлгі болып отырғанын айтты.
ЮНИСЕФ аймақтық директоры Қазақстанның MICS-2024 бағдарламасындағы (мультииндикаторлық кластерлік зерттеу) жекелеген бағыттар бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізгенін еске салды.
Де Доминичис ханым балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты жұмыс тетіктеріне оң баға беріп, еліміздің тәжірибесін басқа мемлекеттерге ұсынуға дайын екенін жеткізді. Ол Қазақстан Президентінің осы саладағы реформалары балаларды қорғау ісіне серпін әкелгенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және болашақ ұрпақ мүддесіне сай бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін растады.
