Ерлан Қарин Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен кездесті

Кәмшат Тілеухан 18 нау. 2025 16:48 143

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен жүздесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы екі жақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын талқылады. Мәдениет және өнер саласындағы ықпалдастықты тереңдету әрі тәжірибе алмасу мәселелеріне баса назар аударылды.

Ерлан Қарин Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістер, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында көтерген жаңа бастамалары туралы айтты.

Жұмыс сапары аясында екі ел арасындағы мәдени диалогты дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Ерлан Қарин мен Саида Мирзиёева Ә. Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік опера және балет Үлкен театрының «Лазги. Танец души и любви» атты қойылымын тамашалады. Сонымен қатар суретші Орал Таңсықбаевтың кескіндемелік және графикалық жұмыстарының көрмесі өтеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар