Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков референдумда таңдауын жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бүгін АЭС құрылысына қатысты референдумда өз дауысымды беріп, Қазақстанның энергетикалық және экономикалық тұрақтылығына сенім арттым. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін өте маңызды, себебі бізге еліміздің келесі ондаған жылдар бойы қалай дамитынын өзіміз шешу мүмкіндігі берілді.
Жыл бойы, әсіресе соңғы айларда, еліміздің ғалымдары мен мамандары халықпен белсенді түрде жұмыс істеп, қоғамды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Бұл жұмыста маңызды рөл атқарған Ұлттық ядролық орталықтың командасына және осы маңызды миссияға қатысқан барлық адамдарға алғыс білдіремін.
Референдумға шығарылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық қазақстандықтарды өз азаматтық белсенділігін көрсетіп, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын", - деді ол.