Еркебұлан Тоқтарды боғауыз сөзі сотқа жеткізді

Еркебұлан Тоқтарды боғауыз сөзі сотқа жеткізді
Ашық дереккөз

Қазақстандық танымал MMA файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар әкімшілік құқық бұзғаны үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныған. Оған қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады. Прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Еркебұлан Тоқтардың бейәдеп сөздер айтқан видеосын анықтаған.

«Белгілі болу жауапкершіліктен босатпайды», – деп атап өтті прокуратура.

Осыдан кейін материал сотқа жолданып, Алматы соты спортшыны кінәлі деп таныды.

Еркебұлан Тоқтар – қазақстандық MMA файтері, кино актері және блогер. Ол спорттағы өнерімен қатар, әлеуметтік желідегі белсенділігімен де көпшілікке танымал. Биыл спортшы 30 жасқа толды.

Бұл оқиға да танымал тұлғалар үшін әлеуметтік желідегі әрбір әрекеттің құқықтық салдары болуы мүмкін екенін көрсетті.