Ердоған Хафиза ханымға үміт артады

Dalanews 13 мау. 2023 05:33 955

Өз тарихында тұңғыш рет Түркияның бас банкирі болып әйел адам тағайындалды. Хафиза Гая Еркін биыл 44 жасқа толып отыр. Ол АҚШ-тың Принстон университетін бітірген. Goldman Sachs аналитиктер тобын басқарған. Одан кейін 8 жыл бойы АҚШ-тың First Republic банкінде қызмет етті.

Хафиза ханым түрік экономикасы мен ақша-несие саясатындағы әлсіз тұстарды жақсы біледі.

Бұған дейін түрік экономикасының ең әлсіз жері – Режеп Тайып Ердоған болып келген еді. Бірақ қайта сайланған Ердоған өз қателігін түсініп, енді экономикалық көзқарасын өзгертуге дайын екенін ықылас танытып отыр.

Хафизаны Орталық банк төрайымы лауазымына, сонымен бірге Merrill Lynch-тің Лондондағы бөлімшесінде қызмет еткен Мехмет Шимшекті Қаржы министрі креслосына отырғызуы – Түркия президентінің экономикадағы мәселелерді реттеу үшін "шок" терапиясына да дайын екендігін көрсетеді.

Хафиза-Шимшек тандемі лираның курсын тұрақтандырып, қаржы нарығында тыныштық орнатады деген сенім мол.



Дәл осы ретте, сенім капиталы аванс ретінде ойнайды, енді Хафиза-Шимшек факторына сенім артқан халықаралық инвесторлар, валюталық брокерлер түрік биржасына қайта оралмақ. Бұл кем дегенде +1 базисті пункт.


Ердоғанға тек Орталық Банк жұмысына араласпау керек. Болды, басқа ештеңе керек емес.

Ал Хафиза ханымның базалық ставканы көтеретіні күмән туғызбайды. Түркия Орталық банкінің ставка бойынша отырысы 22 маусымда өтеді. JP Morgan аналитиктері базалық ставка сол кезде 25 пайызға жетеді деп болжап отыр.

Анкара инфляцияны ауыздықтап, курсты жоқ дегенде долларына 12 лираға түсіре алса, онда АҚШ инвестбанктарынан ауысып келген түріктің жас толқыны өз отаны алдында борышын өтеді деп санауға болады. Әзірге лира долларына 23-ке дейін құлдырап, антирекорд жаңартты.

22 маусымда Түркия экономиканың қай рельсін таңдағанын көретін боламыз. Тұран экономикасының да тағдыры сол кезде шешіледі. Сондықтан, Тұран Одағындағы экономикасы бойынша нөмірі екінші мемлекет - Қазақстан да бір демін ішіне тартып, осы сәтті күтіп отыр.

Айбар ОЛЖАЕВ, қаржы сарапшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар