Ерболат Досаев вандализмді болдырмау үшін жаңа аулаларды бейнебақылау камераларымен жабдықтауды тапсырды

Dalanews 02 қар. 2023 11:45 805

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданын аралау барысында 7 шағын аудандағы аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, тұрғындармен өзекті мәселелер бойынша сөйлесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев 7 және 12 шағын аудандарда 35 аула орналасқанын, оның 24-і ағымдағы жылы жөнделгенін алға тартты.

Модернизациялау аясында аулаларда баскетбол, футбол алаңдары салынған. Аулаларға сапалы жарық щамдар орнатылыпты.

Жұмысты «Сенім ҚұрылысСервис» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізуде. Тұрғындардың өтініші бойынша тұрақ аймақтары қосымша кеңейтіліп, бюджет қаражатының үнемделуі есебінен көгалдандыру ісі де жүзеге асқан.

Әуезов ауданы – Алматыдағы халық тығыз қоныстанған аумақ, ауданның тұрғын үй қоры 1 700 көппәтерлі үйден асады. Ауданның аумағында 966 аула орналасқан. Бұл қаланың басқа аудандарына қарағанда көп.

Алматы әкімі Ерболат Досаев барлық аулалардың жағдайын талдап, үй маңындағы аумақтарды жөндеу бағдарламасын жалғастыруды тапсырды. Қала басшысы вандализмді болдырмау үшін барлық аулаларды бейнебақылаумен жабдықтау қажеттігін атап өтті.


Жөндеу жұмыстары аяқталатын жаңа 24 алаңда жақын арада камералар пайда болады, деп хабарлады аудан әкімі Абзал Егембердиев.

Сондай-ақ, ауданды аралау барысында Ерболат Досаев су басу, көгалдандыру және жаңа демалыс аймағы тақырыбында 7 және 12 шағын аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізді.

Қала басшысы қазіргі уақытта күзгі екпелер жалғасып жатқанын – ағымдағы жылы көгалдандыру аяқталмағанын, су басу проблемалары жоспарлы түрде шешілетінін атап өтті.

Бұдан басқа, 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру ұлғайтып, қаланың 6 ауданына 2 млрд теңгеден және Алатау және Наурызбай аудандарына 2,5 млрд теңгеден бөлу жоспарланып жатқанын жеткізді. Қосымша қаражат халықтың ең өзекті және сұранысқа ие жобаларын іске асыруға бағытталатын болады.

Айте кетуіміз керек, аула аумақтарын күрделі жөндеу аясында 2022 жылдан 2023 жылға дейін Әуезов ауданының (8, 9, 10, 11 ш/а және Жетісу-1,2,3,4) 167 ауласында жұмыстар аяқталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар