Ерболат Досаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу рәсіміне қатысты

Dalanews 31 мам. 2023 09:51 1012

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін жиналған қауым нәубет кезінде жазықсыз құрбан болғандардың рухына бағыштап Құран оқыды.

Рәсім Қарағайлы скверінде өтті. Оған қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары мен жақындары, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Еске алу іс-шарасына қатысушылар қуғын-сүргінге ұшырағандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар бүгінгі таңда тарихтың ақтаңдақ беттерін ұмытпау, Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қандай құрбандықтың болғанын және оларды  ұлықтау қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Түрлі мәліметтер бойынша, өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында 3 миллионға жуық қазақстандық жаппай ашаршылықтың құрбаны болды, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астам адам атылды.


Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қазақстанда 1997 жылдан бері аталып келеді. Қуғын-сүргіннен Қазақстанның көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мыржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин және басқалар зардап шекті.

Бұл күндері қалада түрлі естелік іс-шаралар, соның ішінде «дөңгелек үстелдер» форматындағы конференциялар, тарихи-ағартушылық дәрістер, театрландырылған қойылымдар, кітапханалардағы фото және кітап көрмелері, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесулер  ұйымдастырылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар