Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірді. Ол әскери борышын өтеп жүріп ауыр жарақат алған еді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 2023 жылы желтоқсанда болды. Содан бері оған бірнеше ота жасалған.
"Оның жағдайы тұрақты. Қосымша оңалту және медициналық қызмет көрсету үшін Ербаян кеше Ұлттық медициналық орталыққа жатқызылды. Ауруына сәйкес оған қажет көмек көрсетіліп жатыр. Әкесі қасында", - деді Әлназарова Үкімет отырысында.
Министр қолданылған ем шараларына қарамастан, сарбаздың жағдайы неге әлі жақсармағанын айтты.
"Оның диагнозы өте ауыр. Жарақатымен қатар инфекция да болды. Тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ол (Ербаян – еск.) Түркияға да барды. Қазір өзіміз қосымша тексеріп жатырмыз. Оның ата-анасымен шетелде емдеу мәселесін талқыладық. Олар Қазақстанда емделуге келісті", - деді ол.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар 2024 жылы желтоқсанда ауруханаға түсті. Ұлттық ұланның әскери бөліміндегілер ата-анасына оның әжетханада құлап, басын соққанын айтқан. Алайда олар бұл нұсқаға сенбей, Ербаян соққыға жығылғанын дәлелдеуге тырысты.
Қазақстандықтар жас сарбаздың еміне 230 миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Қазір Ербаян Мұхтар Астанада, ол Түркияда емнің алғашқы кезеңін аяқтады.
Жуырда бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев тергеу қалай жүріп жатқанын айтты. Прокуратура өкілі нақты күдіктілер жоқ екенін де жеткізді.