Ералы Тоғжанов ШҚО-дағы су тасқынына қарсы дайындықты тексерді

Ақтоты Жапатова 10 сәу. 2025 17:19 688

Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов бастаған мамандар тобы Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты дайындықты және жүргізіліп жатқан алдын алу шараларын тексеріп, Алтай және Шемонаиха аудандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Dalanews.kz

–Шығыс Қазақстанда өткізілген сенбіліктер мен су тасқынына қарсы іс-шаралар тұрғындардың өз ауласына ұқыптылықпен қарауына және қауіпсіздік шараларын дер кезінде қабылдауына үлкен әсер етті. Бұл бағытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылған, – деді Ералы Тоғжанов.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгінгі таңда облыс аумағында су тасқынына қарсы 107 іс-шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 16 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді, 386 мың текше метр қар шығарылды, 4 853 су өткізу құрылысы, 493 арық, 112 канал тазартылды, 437 көпір жөнделді.

ШҚО ТЖД мамандары құтқарушылар мен азаматтық қорғаныс қызметтерінің су тасқыны кезеңіндегі түрлі сценарийлерге дайын екенін, халықты ескерту, эвакуациялау, қабылдау бекеттеріне ұйымдасқан түрде орналастыру және жедел көмек көрсету шаралары жоспарға сай жүргізілетінін мәлімдеді.

Комиссия мүшелері жауапты қызметтердің үйлесімді жұмысын және су тасқынының алдын алуға бағытталған жүйелі шараларды атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар