ЕО шығыс шекарасына миллиардтар бөледі: Украина соғысының салдарына жауап

Самал Асқар 19 ақп. 2026 20:47

Еуроодақ Украинадағы соғыстың салдарын еңсеру үшін шығыс шекараға жақын аймақтарға ауқымды қаржылық қолдау көрсетпек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Еурокомиссияның өңірлік даму жөніндегі комиссары Раффаэле Фитто Брюссельде мәлімдеді.

Жаңа бастама аясында көпмиллиардтық несиелер мен ЕО бюджетінің келесі кезеңі шеңберінде қорғаныс пен шекара қауіпсіздігін күшейтуге арналған қаржы қарастырылады. Қолдау Финляндия, Польша, Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария, Эстония, Латвия және Литва сияқты Ресей, Беларусь немесе Украинамен шектесетін не Қара теңіз жағалауында орналасқан елдердің шекаралық өңірлеріне бағытталады.

Еурокомиссия дерегінше, бұл аймақтар соңғы жылдары халық санының азаюы, экономикалық өсімнің баяулауы және соғысқа байланысты инфляцияның күшеюі секілді күрделі мәселелерге тап болған. Сонымен қатар қауіпсіздікті нығайту үшін қосымша инвестициялар қажет.

Осы мақсатта EastInvest атты арнайы инвестициялық платформа құрылады. Ол зардап шеккен өңірлердегі кәсіпорындар мен жергілікті билік органдарының қаржыландыруға қолжетімділігін жеңілдетуге тиіс.

Бұған дейін Еуропарламенттің қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Украинаға әскери көмекті жедел күшейтуге шақырған еді. Депутаттар Еуропарламенттің заңнамалық және бюджеттік өкілеттіктерін пайдаланып, еуропалық қорғаныс әлеуетін арттыруға және Украинаның қорғаныс өнеркәсібін ЕО жүйесіне кіріктіруге дайын екенін мәлімдеген.

ЕО-ның бұл қадамы шығыс шекарадағы геосаяси қысым күшейген кезеңде қабылданып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove