Еңселі білім ордасы

Dalanews 20 қаз. 2023 05:15 1085

Талайдың талантын ұштаған, арманына қанат бітірген, биік белестерді бағындыруға үлкен мүмкіндік  сыйлаған, қасиетті білім ордасы ол – ҚазҰУ.

Бұл университет өз міндетін әлі де абыроймен атқарып келе жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады», – деп атап өткенін болатын.   Қазіргі таңда жастарды білім –ғылымға баулып, көзі ашық, саналы ұрпақ ретінде қалыптастыратын, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, тәрбиелейтін  ортаның бірі жоғары оқу орындары болып отыр. Солардың бірі - ҚазҰУ.

ҚазҰУ жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі интеграциялауға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие жоғарғы оқу орны. Бұл университетте 16 факультет, 67 кафедрада  екі мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары және философия докторлары, ірі академиялардың 100-ден астам академиктері білім береді.  Сондай-ақ, университет бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын іске асыру, студенттермен алмасу және тағылымдамалар өткізу бойынша әлемдегі ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтасады. ҚазҰУ - 2022 жылғы оқу жылынан бері  АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, БАӘ және Түркияның  жетекші университеттерімен 30-дан астам келісімшарт жасады. Ыстамбұл мен Бішкек қалаларында ҚазҰУ-нің филиалдары жұмыс істесе, Алматы қаласында университет базасында МИФИ (Мәскеу) филиалы ашылды. Бұл университеттің жеткен жетістіктерінің бір бөлігі. ҚазҰУ мектеп бітіруші түлектер, колледж студенттері мен магистранттар, доктаранттардың төрттен үш бөлігі таңдайтын университет. Сөзіміздің дәлелі ретінде 2023 жылғы статистикаға сүйенсек,  биылдың өзінде ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға ұмтылған 7436 талапкер ҚазҰУ-ға 1-курсқа қабылданған. Магистратураға – 1340, докторантураға 278 адам түскен. ҚазҰУ жаңа оқу жылына жалпы саны 10 152 адам қабылдады. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 25 мыңға жуық студент бар, оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер болып табылады. ҚазҰУ – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны.

Бүгінгі заман – ой мен өрісті, ізденісті талап ететін және ғылыми жаңалығы көп жаңашыл кезең. Бүгінгі жаңарған талаптар қоғамы ең алдымен нағыз маманды көбірек бағалайды. Осы тұста, өз саласын жетік меңгерген, кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды даярлауға үлкен үлес қосып келе жатқан заң факультетін ерекше мақтанышпен атап айта аламын. Себебі, заң факультеті осы уақытқа дейін  құқық саласындағы мамандарды оның ішінде: сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды және заң компанияларындағы заңгерлерді дайындап шығарды. Қазіргі таңда заң ғылымы қоғамға ауадай қажетті, ауқымды, ірі беделге  ие ғылым саласы. Заң факультетінің жұмысының басты мақсаты-ел алдындағы жоғары жауапкершілікті, болашақта ел іргесін ұстайтын жас ұрпақты даярлау.  ҚазҰУ студенттердің академиялық және кәсіби мақсаттарына жету үшін тамаша, әрі таптырмас орын болып отыр, алдағы уақытта да жоғары білім беру саласындағы көшбасшы болып қала беретініне сеніміміз мол. Бұл мекен біз үшін әрдайым ыстық болып қала бермек.

 

Тұрысбек Асем Берікқызы


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2курс магистранты


 


Мұқалдиева Гулия Бөкешқызы


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы  з.ғ.к., доценті


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар