Энергетика министрлігі бензин бағасына қатысты қауесеттерге түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 12 қаң. 2026 09:28

Энергетика министрлігі әлеуметтік желілерде Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭС) мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы іске қосылғаннан кейін бензин бағасы өседі деген пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство өкілдері Tengrinews.kz агенттігіне берген жауабында көршілес елдермен бағаны автоматты түрде теңестіру жоспарланбағанын, сондықтан жанармай құнының күрт қымбаттауы күтілмейтінін мәлімдеді.

Министрліктің сөзінше, 2027 жылдан бастап іске асырылатын ортақ нарық бағаны бір сәтте өзгерту емес, салалық ережелер мен заңнаманы кезең-кезеңімен үйлестіруді көздейді. Яғни, жанармай құю бекеттеріндегі бағалар бірден өзгермейді.

Сонымен бірге билік көршілес елдермен баға айырмашылығы тым үлкен болса, жанармайдың заңсыз сыртқа әкетілуі мүмкін екенін және бұл ішкі нарықта тапшылыққа әкелуі ықтимал екенін атап өтті. Осы себепті мемлекет жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар