Енді қыз алып қашқандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қаракөз Амантай 05 ақп. 2025 12:49 343

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстанда қалыңдық ұрлауды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсынысын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұл ұсынысты Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық-процестік кодекстерді оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасы аясында енгізгенін атап өтті.

“Мен тиісті түзету енгізіп, ұсыныс жасадым, қазір ол жұмыс тобының қарауында. Әртүрлі жауапкершілік түрлері қарастырылған, соның ішінде қылмыстық жаза – 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту. Барлығы жағдайға байланысты белгіленеді. Егер бұл қылмыс бірнеше адамнан құралған топпен жасалса, егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса немесе оның денсаулығына зиян келтірілсе, онда жаза ауыр болуы тиіс. Өйткені, бұл – адамның еркінен тыс ұрлау, оны үйде мәжбүрлеп ұстау, психологиялық және физикалық қысым көрсету. Заң жәбірленушінің жағында болуы керек”, – деді депутат.

2024 жылы 4 желтоқсанда Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин “Мәдениет туралы” заңға енгізілетін түзетулерді талқылау барысында қалыңдық ұрлау әрекеттерін сынға алды. Олардың пікірін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та қолдады. Депутаттар қалыңдық ұрлау үшін Қылмыстық кодексте жеке бап енгізуді ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар