Енді Қазақстандағы мемлекеттік колледжтердің спорт нысандары тұрғындарға қолжетімді болады

Енді Қазақстандағы мемлекеттік колледжтердің спорт нысандары тұрғындарға қолжетімді болады
Фото: magnific.com

Қазақстанда мемлекеттік колледждердің спорт залдары, бассейндері, стадиондары және басқа да спорт нысандары енді сабақтан тыс уақытта жергілікті тұрғындардың пайдалануына беріледі. Бұл өзгеріс спорт инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тиісті норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң аясында "Білім туралы" заңға енгізілді.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек мектептерге ғана қарастырылған. Енді мемлекеттік колледждердің де спорт нысандары оқу процесі аяқталғаннан кейін тұрғындардың игілігіне ұсынылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, спорт нысандарын пайдалануға беруден түскен қаражат колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады. Атап айтқанда, қаржы спорт залдары мен бассейндерді күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарына, жаңа спорттық жабдықтар сатып алуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады.

Министрлік бұл өзгеріс спорт нысандарының тиімді пайдаланылуына жол ашып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және азаматтардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін атап өтті.