Енді біреудің ЭЦҚ-сын пайдаланғандар жауапкершілікке тартылады

Сағыныш Сардарова 17 нау. 2025 13:15 263

Қазақстандықтар біреудің ЭЦҚ-сын пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерін қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі құқықбұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан бір жылға дейін ұзартылды. Жаңа нормалар 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді.

"Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу, атап айтқанда, дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамау үшін ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есе ұлғайтылады. Бұрын айыппұлдар құқық бұзушылықтың құрамына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырған. Енді олар 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады", - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабы бойынша жаңа әкімшілік құқық бұзушылық түрі күшіне енеді. Яғни басқа адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Бұған дейін әкімшілік жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз беру және оны қорғау бойынша тіркеу куәлігінің иесі тарапынан қажет шараларды қабылдамау жағдайларына ғана қолданылатын.

Өзгерістер күшіне енгеннен кейін ЭЦҚ-ны заңсыз берген де, оны пайдаланған тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

"Қабылданған шаралар азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ақпараттандыру саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар