Самокат мінсеңіз, абай болыңыз: Алматыда «Сергек» бақылауы күшейеді

Самокат мінсеңіз, абай болыңыз: Алматыда «Сергек» бақылауы күшейеді
Фото: ЖИ

Алматыда жол ережесін бұзған электросамокат жүргізушілерін анықтау тәсілі өзгереді. Алдағы уақытта мұндай заңбұзушылықтарды "Сергек" камералары автоматты түрде тіркей алады. Ол үшін полиция кикшеринг компанияларының деректерін ІІМ базасымен және бейнебақылау жүйесімен біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, заңнамаға енгізілген жаңа талаптардан кейін электросамокаттар ресми түрде көлік құралы ретінде танылды. Осыған байланысты самокат пайдаланушыларға ғана емес, оларды жалға беретін кикшеринг компанияларына да бірқатар міндет жүктелген.

"Қазір кикшеринг операторларымен бірлесіп, олардың деректерін Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базаларымен және “Сергек” жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуға мүмкіндік туады", – деді Салтанат Әзірбек.