Қазақстандағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті күшейту үшін күзет қызметіне қатысты жаңа талаптар бекітілді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес мектептер мен балабақшаларда жұмыс істейтін күзетшілердің жасы 25 пен 50 аралығында болуы керек. Олар арнайы кәсіби даярлықтан өтіп, жақсы дене дайындығына ие болуға тиіс. Кәмелетке толмағандарға қатысты соттылығы бар адамдарды мұндай жұмысқа қабылдауға рұқсат берілмейді.
Күзет компанияларына да талап күшейтілді. Мәселен ұйымның білім беру мекемесі орналасқан өңірде кеңсесі болуы, кемінде екі жедел әрекет ету тобы жұмыс істеуі және радиобайланыс құралдарымен қамтылуы қажет.
Қазір лицензияланған күзет қызметі білім беру ұйымдарының бәрінде енгізілген. Ол мектептер мен балабақшаларда келушілерді бақылау және тыйым салынған заттарды кіргізбеу, арнайы өткізу тәртібі арқылы жүзеге асады.
Ішкі істер органдары бұл талаптар орындалуын тоқсан сайын тексеріп, тұрақты бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, оқушылар мен мұғалімдерге төтенше жағдай кезінде әрекет етуге арналған оқу-жаттығулар жылына кемінде екі рет өткізіледі.
