Ғасырлар бойы қазақ әйелдері отбасы мен ошақ қасының ұйытқысы болып, ұрпақ тәрбиесін басты міндет санап келді. Алайда қазіргі заманғы жаһандану мен әлеуметтік өзгерістер әйелдердің қоғамдағы рөлін жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде ғылым, өндіріс, экономика, саясат, бизнес және басқа да салаларда өз орнын тапқан қазақ әйелдерінің саны артып келеді.
Әйелдердің тек отбасы шеңберінде ғана емес, ел дамуына белсене атсалысуы – прогрессивті қоғамның белгісі. Қазіргі таңда Қазақстанда әйелдер ғылыми зерттеулерге қатысып, технологиялық жаңалықтар ашып, кәсіпкерлік пен мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқаруда. Бұл – мемлекет жүргізіп отырған тиімді саясаттың нәтижесі. Елімізде ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Ел Конституциясы мен арнайы заңнамалар әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға кепілдік береді. Сондай-ақ, мемлекет гендерлік теңдікті дамытуға, әйелдерді әлеуметтік және экономикалық тұрғыда қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі, Қазақстанда аналарды әлеуметтік қолдау мен қорғау, елімізде әйелдердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қандай шаралар жасалып жатқаны жөнінде педагогика ғылымдарының докторы, Еуразия технологиялық университетінің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы қаласындағы дүнген этномәдени орталығының Аналар кеңесінің төрайымы Масырова Римма Рамазанқызымен сұқбаттасқан едік.
– Римма Рамазанқызы, сұқбатымызды қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлінен бастасақ. Бүгінде әйелдердің әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірге араласу деңгейі қалай өзгерді?
– Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар іске асырылып жатыр. Олар, қоғамның барлық салаларында белсенді рөл атқарады: саясатта, экономикада, мәдениетте, ғылымда, білім беру мен медицинада жетекші орындарға ие.
– Қазақстанда әйелдерге қандай жағдай жасалған?
– Бұл мәселе бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық актілер қабылданған. 2024 жылғы 15 сәуір – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды.
Бүгінде мемлекет әйелдерге бірқатар жағдайларды жасап отыр. Мәселен, білім беру және еңбек нарығына тоқталсақ, әйелдерге білім алу мүмкіндігі теңдей қарастырылған, жоғары оқу орындарында студенттердің жартысынан астамы – әйелдер. Еңбек нарығында әйелдердің құқықтарын қорғау мақсатында арнайы нормалар бар. Қазақстанда қыздардың білім алуына толық мүмкіндік жасалған, жоғары оқу орындарында студенттердің 60%-дан астамы – әйелдер.
Ғылым мен инновация саласында әйелдердің үлесі артып келеді, олар ғылыми жобалар мен зерттеулерге белсенді қатысады.
Кәсіпкерлік қолдау бойынша айтсам, мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға гранттар мен жеңілдетілген несиелер бөледі. «Атамекен» ҰКП арқылы әйелдерге арналған бизнес-курстар ұйымдастырылады.
Денсаулық сақтау бойынша ана мен баланы қорғау саласында тегін медициналық қызметтер ұсынылады. Әйелдерге жүктілік және босануға байланысты ақысы төленетін демалыс беріледі.
– Әйелдерді әлеуметтік қорғау жағы қалай қарастырылған?
– Әлеуметтік қорғау – адам құқығы. Мысалы, әйелдерді әлеуметтік қорғау мүмкіндігінше барлық жағдайда қарастырылып келеді. Атап айтқанда, еңбек құқықтары бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес, жүкті әйелдер мен балалы аналарға жеңілдіктер қарастырылған. Аналар үшін жұмыс орнын сақтап қалу кепілдігі бар. Отбасы және бала күтіміне байланысты көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар төленеді. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері үшін қосымша әлеуметтік жеңілдіктер бар. Ал, отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтілді. Сонымен қатар, әйелдерді қорғау мақсатында арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді.
– Қазақстанда әйелдердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, Қазақстан әйелдерінің өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет тарапынан және қоғамдық ұйымдар деңгейінде келесі өзгерістер қажет. Экономикалық қолдау және еңбек нарығындағы теңдік:
Әйелдерге арналған кәсіпкерлік бағдарламаларын кеңейту, гранттар мен төмен пайызды несиелер санын арттыру қажет деп есептеймін. Гендерлік еңбекақы теңдігін қамтамасыз ету және әйелдердің ер адамдармен тең дәрежеде қызметтік өсуіне жағдай жасау. Декреттік демалысқа шыққан аналардың жұмысқа қайта оралуына көмектесу үшін арнайы бағдарламалар әзірленсе құба-құп болар еді.
Әлеуметтік және отбасылық қолдау:
Бала күтіміне байланысты жәрдемақылар әлі де көбейтілсе, әр өңірде балабақша санын арттырып, олардың қолжетімді болса, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы әйелдерге арналған қолдау орталықтарының саны артса деген ұсынысым бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының санын көбейту, олардың жұмысын күшейту қажет деп ойлаймын. Құқық қорғау органдарының зорлық-зомбылыққа қатысты істерді қарау механизмдерін жетілдіру және жазаны қатаңдату, бұдан өзге халық арасында гендерлік теңдік пен әйелдерге деген құрмет мәдениетін насихаттау, мектептер мен ЖОО-да арнайы тәрбие курстарын енгізу қажет деп есептеймін.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі немен айналысады?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі – отбасылық құндылықтарды сақтау, аналарды қолдау және жастарды тәрбиелеу мақсатында құрылған қоғамдық ұйым. Аналар кеңесі қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Аналар кеңесінің негізгі бағыттары отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен бала құқығын қорғау, отбасыларға құқықтық, психологиялық көмек көрсету. Отбасындағы тәрбиенің рөлін арттыру бойынша іс-шаралар өткізу. Әйелдерді әлеуметтік және экономикалық қолдау, атап айтқанда көпбалалы аналарға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал топтағы әйелдерге көмек көрсету, әйелдерді кәсіпкерлікке баулу және жұмысқа орналасуына ықпал ету болып табылады. Аналар кеңесі жастар тәрбиесі және ұлттық дәстүрлерді сақтауға да үлес қосып келеді. Мәселен, қыз бала тәрбиесіне, отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, аналардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын қолдауға көңіл бөледі. Ұрпақтар кездесуі: аға ұрпақтың этностың мәдениеті мен тарихы туралы әңгімелері және т. б.
Аналар кеңесінің атқарып жатқан іс-шараларына тоқталар болсам, үлгілі отбасыларды насихаттау мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ұйымдастыруға атсалысады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша құқық қорғау органдарымен бірлескен жобалар өткізеді. Көпбалалы және жалғызбасты аналарды қолдау шараларына жәрдемдеседі. Қыз тәрбиесіне арналған кездесулер мен форумдар, жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерімен жаман әдеттерден бойын аулақ ұстау туралы әңгіме, дөңгелек үстел өткізіп тұрады.
– Дүнген этномәдени орталығы Аналар кеңесінің негізгі қызмет мақсатын жүзеге асырудағы жұмыс формалары мен әдістеріне тоқталсаңыз.
– Дүнген этномәдени орталығы аналар кеңесінің негізгі қызмет мақсаты – Қазақстан халқының патриотизмін, азаматтық және рухани-мәдени бірлігін қалыптастыруға және тәрбиелеуге жәрдемдесу; ұлтаралық келісімді және жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету; тарихты, мәдениетті және ұлттық дәстүрлерді сақтау; отбасылық құндылықтарды насихаттау, неке мен отбасы институтын нығайту; қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға көмек көрсету және қолдау.
Дүнген этномәдени орталығының аналар кеңесі қойылған мақсаттарды сәтті іске асыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Өткен жылы «Мектепке жол» акциясы аясында Аналар кеңесі Алматы қаласы мен облысында тұратын 500-ден астам балаға кеңсе тауарларын ғана емес, киім-кешек те алып берді. Сонымен қатар, қарттар үйлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтар, балалар үйлері, хоспистер мен дағдарыс орталықтары да аналар кеңесінің назарынан тыс қалмайды. Командамда он шақты жанашыр әйел бар, олар әр бастамамды қолдап отырады. Біз қамқорлығымыздағы жандарға мерекелік дастархан жайып, оларға моральдық қолдау көрсетуге тырысамыз. Өйткені ең бастысы – жылы сөз бен қамқорлық. Мысалы, балалар үйлерінде дүнген тағамдарын әзірлеу бойынша шеберлік сағаттарын өткіземіз. Балаларға алжапқыш, бас киім, қолғап береміз. Олар көкөністерді турап, қуырып, қайнатып, отбасы жылуын сезінеді. Біз үшін балалармен уақыт өткізу, оларды пайдалы істерге үйрету және мейірімге бөлеу аса маңызды. Дағдарыс орталықтарында да әйелдерге дүнген асханасының қыр-сырын үйретеді. Сондай-ақ, Аналар кеңесі өткен көктемде су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмек көрсету бойынша жалпыұлттық бастамадан да шет қалған жоқ. Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесі «Салауатты сана» республикалық жобасына бастамашылық етті. Аталған жоба нашақорлық, құмар ойынға әуестік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдерге қарсы күреске бағытталған. Жоба аясында аға буын өкілдері жастарға рухани тәрбие беріп, ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттады. Айта кетейік, жуырда Алматыда «Отбасылық құндылықтарды нығайтудағы әйелдердің рөлі» атты семинар-тренинг өткіздік. Бұл шара жас ұрпақты тәрбиелеуде дәстүрдің маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған
– Соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар жиі айтылып жүр. Бұл нені білдіреді?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар бірнеше факторға байланысты деп есептеймін. Бастысы–мәселенің ашық көтеріле бастауы. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық көбінесе жабық тақырып болды, ал қазір зардап шеккендер құқық қорғау органдарына жиі жүгінеді, әлеуметтік желілерде өз оқиғаларын ашық айтады.
Заңнаманың өзгеруі және қоғамдық бақылаудың күшеюі. 2023-2024 жылдары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдар күшейтілді, жаза қатаңдатылды. Бұл мәселені БАҚ пен әлеуметтік желілер белсенді түрде көтере бастады.
Әйелдердің құқықтық сауаттылығының артуы. Қазіргі таңда көптеген әйелдер өз құқықтарын жақсы біледі, заңгерлер мен құқық қорғау ұйымдарына жиі жүгінеді.
Зорлық-зомбылық деңгейінің шынымен де артуы түрткі болып отыр деп ойлаймын. Әлеуметтік және экономикалық қиындықтар (жұмыссыздық, қаржылық қиындықтар, пандемия салдары) отбасындағы жанжалдардың көбеюіне әсер етті. Кейбір статистикаға сүйенсек, пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары едәуір артты.
– Бұрынғы жағдайлар шынымен де аз болған ба, әлде...
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиі айтылуы бұл мәселенің бұрын болмағанын емес, қазіргі таңда қоғам оған қарсы ашық күресе бастағанын көрсетеді. Дегенмен, ең маңыздысы – зорлық-зомбылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын насихаттау керек деп санаймын.
– Қазақстанда әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін қандай қосымша шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында үкімет тұрақты түрде шаралар қабылдап келеді. Бұл салада заңнамалық негіз бар, бірақ оны толық іске асыру және гендерлік теңдікті жетілдіру әлі де маңызды мәселе болып отыр. Гендерлік теңдікті толық қамтамасыз ету және әйелдерге арналған әлеуметтік қолдауды күшейту әлі де өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту мәселе де қарастырылса деген ойым бар.
– Алдағы мақсат-жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– «Отбасы – ұлт тірегі» жобасы аясында отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша ғылыми-практикалық конференция өткізу.
Ұлттық дәстүрлерді сақтау, аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін арттыруға арналған дөңгелек үстелдер ұйымдастыру.
«Аналар мектебі» бастамасын дамыту – жас аналарға бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынас тақырыптарында кеңес беру.
Әлеуметтік осал топтағы аналарға (көпбалалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналар) құқықтық және психологиялық көмек көрсету.
«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты ақпараттық науқан және мектептерде, колледждерде, ЖОО-да арнайы тәрбие сабақтарын өткізу.
«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» бағдарламасы аясында жасөспірім қыздарға арналған психологиялық және әлеуметтік тренингтер ұйымдастыру.
Қыз балаларды ерте тұрмысқа берудің алдын алу және олардың сапалы білім алуына жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізу, т. б.