Екіұшты кезең, екіұдай көңіл күйде өмір сүріп жатқан қоғамбыз ғой, жасыратыны жоқ. Мәселе Елтаңбада тұрса, оны өзгерту көп қиынға түспес... Ал, анау Әнұранды не істейміз, авторлар қатарында ел айыптаған адам әлі жазылулы тұрғаны қалай? Ол – ол ма, мектеп оқулықтарында Н.Назарбаевтың аяғын жерге тигізбей, ұлыға санаған мәтіндер сол күйі оқытылып жатыр. Мұны көрген интернеттен хабары бар бала Елтаңбасына да, басқасына да қарай ма? Түңіліп қолды бір сілтегендер, өзімен-өзі болып кеткендер көп шығар...
Абай Құнанбаевтың "Бірлік ақылға ғана бірігу керек" деп айтқанындай, ақылға салуымыз керек. Ол үшін елдің ғана емес, бүкіл азаматтың ойы бір жерден шығуы тиіс. Бірақ, ақылға сыймайтын көріністер мемлекет тұрмысында көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрса, қайтіп бірлік болмақ санада?
Ірі қалалардағы әуежай маңдайында айғайлап тұрған атты өшірмей, бәрін бір ізге түсірмей, рәміздерді қанша құлпыртсақ та қозғалыс болмас. Балаға кәмпит бергендей алдап, көңілін басқаға аударатыннан өсіп кетті ғой қоғам.
Жалпы, Елтаңбаны өзгерту, өзгертпеуді елдің талқысына салу керек. Елтаңбаны ел тану үшін жұмысты тереңнен бастап, елімен мақтана алатындай дәрежеге жеткізуіміз керек.
Дариға МҰШТАНОВА
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Парасат" орденінің иегері