Бұл бағдарламада «Әлеуметтік жағынан осал», «Жетім балалар», «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға арналған. Әлеуметтік жағынан осал топқа Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары; кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар; жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; жетім балалар немесе ата-анасының қарауынсыз қалған азаматтар; толық емес отбасылар; 1 және 2 топтағы мүгедектер; оралмандар; экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары кіреді.
Аталған бағдарлама бойынша үлестірілетін пәтер саны – 419. Оның 84 пәтері «Жетім балалар» (10 үш бөлмелі, 61 екі бөлмелі, 13 бір бөлмелі), 84 пәтері «Көпбалалы отбасылар» (10 үш бөлмелі, 61 екі бөлмелі, 13 бір бөлмелі) және 251 пәтері «Әлеуметтік жағынан осал топтар» (32 үш бөлмелі, 182 екі бөлмелі, 37 бір бөлмелі) санаттары бойынша үлестіріледі. Тұрғын үйдің жалпы ауданы келесідей: 1 бөлмелі (33,49 кв.м.), 2 бөлмелі (48,3-50,5 кв.м.) және 3 бөлмелі (66,2-68 кв.м.).
Айта кетейік, аталған пәтерлер меншікке жекешелендіруге болмайды. Құжаттар 28 қазан мен 8 қараша аралығында қабылданады. Жекешелендіруге жатпайтын, арендалық тұрғын үйді алғысы келетін азаматтар коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіндегі кезекте «Әлеуметтік жағынан осал топтар», «Жетім балалар», «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша тұруы керек. Бұған қоса, ағымдағы жылдың 21-25 қазан аралығында «Берекелі баспана» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйге қабылданған барлық өтінімдер осы конкурс үшін қайта қаралатын болады.
Яғни 14 пәтерге құжаттар тапсырған адамдар осы бағдарламаға құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ, олардың екі бағдарламаға өтініштері бірден қарастырылады. Құжаттар Нұр-Сұлтан қаласы, Р. Қошқарбаев даңғылы 39 (Қошқарбаев-Жұмабаев ауданы, «Барыс» ТК аялдамасы) мекен-жайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ-де қабылданады. Жұмыс уақыты сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін, үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Еске сала кетейік, тұрғын үйге үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы керек: 1) өтініш; 2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат; 3) өтініш берушіні және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мекенжай анықтамасы; 4) неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы нотариат куәландырған өтініш; 5) өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама; (01.11.2019 дейін) 6) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар.