Елорда спортшыларының денсаулығын Астана спорттық медициналық орталығы бақылайды

Dalanews 03 сәу. 2023 09:18 1014

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаулары мен тапсырмаларында жергілікті жерлерде бұқаралық спортты дамыту ісіне баса мән беретіні белгілі. Осы ретте Астана қаласы әкімдігі де бұл бағыттағы жұмыстарға көңіл бөліп,  шаһарда жаңа спорт нысандары салып, түрлі жастағы тұрғындарды қамтитын секциялар ашуға тиісті деңгейде назар аударып отыр. Бүгінде Астанадағы спортшылардың денсаулығын Астананың спорттық медициналық орталығы бақылайды. Жақында орталық басшысы Азамат Ерқасымов онлайн-брифингте елордадағы спорт мектептерінің жұмыстары жайында кеңінен айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өткен жылдың тамыз айынан бастап қалалық спорт орталығында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ведомстволық бағыныстағы ұйымдарына тереңдетілген медициналық тексерулер жүргізуді бастаған. Биыл 1, 2, 4, 5, 8 БЖМОРСМ-мен Олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясына, олимпиадалық емес спорт түрлерінен спортты дамыту дирекциясына медициналық тексерулер жүргізді. Медициналық тексерістен өткен спортшылардың жалпы саны шамамен 6575 адамды құраған.

Бүгінде қалада спортшылар тарапынан қандайда бір шағымдар мен өтініштер болған жағдайда физиотерапиялық қызмет көрсету, спортшыларды сауықтыру, оңалту және қалпына келтіру жұмысы жүргізілетінін айта кетуіміз керек.


– Орталықтың бірегейлігі – спортпен белсенді шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарға, кәсіби спортшыларға диагностикалау, оңалту, қалпына келтіру және емдеу бойынша кең түрлі медициналық қызмет көрсетеді. Біздің Спорттық медициналық орталық соңғы озық үлгідегі арнайы медициналық жабдықтарымен жабдықталған. Енді спортшылар басқа қалаларға, шетелдерге бармай-ақ, жеке клиникаларға немесе жеке мамандарға жүгінбей-ақ, медициналық диагностика, дене даярлығы мен қимыл-қозғалысының деңгейін анықтайтын кешенді тестілеуден өте алады, – деді Азамат Ерқасымов.

Орталықта жарақат алған спортшыларды оңалту және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Биыл орталық қосымша мамандандырылған медициналық, оңалту және физиотерапиялық жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жарыстардан немесе жарақаттардан кейін спортшыларды қалпына келтіру және оңалту ісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Спорт медицинасы және спорт психологиясы бойынша бапкерлер мен спортшыларға арналған дәрістер курсын бастау жоспарланып отыр.

Астана медицина университетімен және Назарбаев университетімен спорт саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, болашақ және қазіргі спорт медицинасы дәрігерлерін практикалық оқыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланғанын да айта кетуіміз керек.


Орталықтың алдағы жылдарға арналған жоспарында – құрамына спорт медицинасы дәрігерлері, реабилитологтар, физиотерапевтер, емдік жаттығу нұсқаушылары, спорт психологы, диетолог-нутрицсолог сияқты мамандар кіретін кешенді ғылыми топ ашуды көздеп отыр.

Топтың мақсаты жаңа әдістерді, технологияларды және спортшыларға арналған ұсыныстарды әзірлеу және жетілдіру арқылы спортшылар мен медицина қызметкерлерін дайындаудың тиімділігін арттыру болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар