Елорда маңындағы күнбағыс алқабында суретке түскен жүргізушілерге айыппұл салынды

Елорда маңындағы күнбағыс алқабында суретке түскен жүргізушілерге айыппұл салынды
Фото: ЖИ

Астана – Щучинск бағытындағы ақылы тасжолдың күнбағыс алқаптары орналасқан бөлігінде көлігін тоқтатып, суретке түскен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақмола облысы полициясының мәліметінше, аталған учаске жоғары жылдамдықпен жүретін автобан болғандықтан, онда көлікті тоқтатуға қатаң тыйым салынған. Бұл талап жол бойына орнатылған арнайы жол белгілері арқылы алдын ала ескертілген.

Соған қарамастан, күнбағыс гүлдеген маусымда әлеуметтік желіге сурет түсіру мақсатында бірқатар жүргізуші көліктерін рұқсат етілмеген жерге тоқтатқан.

Полицияның хабарлауынша, гүлдеу кезеңі басталғалы бері белгіленбеген жерде тоқтағаны үшін 25 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық алғаш рет жасалса, 3 АЕК (12 975 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде бұл әрекет қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке (43 250 теңге) дейін өседі.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жоғары жылдамдықты тасжолдарда өз қауіпсіздігі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырды.