Еліміздегі өзге этностар дәл қазір қазақ халқының бір жағына шығысуы қажет – Ассемблея өкілі

Dalanews 09 там. 2021 15:19 771

Алматы облысындағы Қазақстан халқы Ассемблеясына қарасты "Ұлағат" ақсақалдар кеңесінің төрағасы Светлана Гаитова еліміздегі тұрақтылықты нығайта түсудің жолын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.  

"Біз қазақ халқы қонақжай, кеңпейілді, жомарт мінезді дегенді жиі айтамыз. Әлбетте, солай. Бірақ мұны қайталай берудың қажеті қанша?

Еліміздегі өзге этностар дәл қазір қазақ халқының бір жағына шығысуы қажет.

Қол қусырып отырғаннан опа таппаймыз. Қазақстанның өркендеуі мен қазақ ұлтының өркендеуі тығыз байланысты. Қазақ халқы толысып, төрт құбыласы тең болғанда біз де өзімізді бақытты сезінетін боламыз", – дейді Светлана әжей.

Оның айтуынша, Қазақстан билігі егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ жерін мекен еткен барлық ұлттарға тең мүмкіндік берген, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасаған, қайбір мемлекеттер ұқсап өрескел әрекеттерге жол бермеген. Өз ұлтының мүддесін өзге ұлттардан жоғары қоймаған.

"Соның негізінде әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблеяның арқау болуымен Қазақстанды мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің мектептері, мәдени нысандары ашыла бастады. Қазақ билігі ешқашан да өзге ұлт пен ұлысқа қысым көрсеткен емес.

Біз өз кезегімізде қазақ халқының Тәуелсіздікке жету үшін небір азапты күндерді өткергенін ұмытпауымыз керек.


Өткенге көз жүгіртсек сонау патша заманынан бастап қазақтар қуғын-сүргін көріп келді. Олар бүгінгі жетістігі мен бақытына лайықты", – дейді ол.

"Ұлағат" ақсақалдар кеңесінің осы тараптағы ұстанымын ортаға салған Светлана Гаитова келер ұрпаққа өзінің ақыл-өсиетін айтқан екен.

"Қандай да бір шешімге келмес бұрын ол елдің мүддесіне сай ма, елдегі этносаралық татулыққа зиянын тигізбей ме деп ойланып алғанымыз абзал. Қазақтың ұлттық тағамынан дәм татқан, ән-күйін тыңдаған, салт-дәстүрін көріп өскен өзге ұлт өкілдері қазақ жерінің киесі мен қасиетін ұмытпауы қажет", – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар