Елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Ақтоты Жапатова 05 нау. 2025 10:56 445

Елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Санақ өткізудің мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу.
 
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданған.
 
Ауыл шаруашылығы санағының нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі алынады, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынады.
 
Бүгін ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде жүргізілетін санақ науқанының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, статистика басқармасымен бірге атқарылатын жұмыстарды баяндады.
 
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Гүлнәр Күнтуғанова өз кезегінде санақ жүргізуде басшылыққа алынатын ережелер мен талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар, санаққа енетін нысандардың тізімі ұсынылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар