Елімізде «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

Dalanews 21 қаз. 2022 15:29 995

Елімізде V республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды. Байқаудың мақсаттары мен талаптары Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шараға Алматы қаласы әкімдігі Әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы, қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлнар Әмірова, Алматы қаласы бойынша ҚІӘҚ төрайымы Наталья Мұхамеджанова, Алматы қаласы бойынша ҚІӘҚ басқармасының мүшесі Ақмарал Имашева сөз сөйледі.

Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша ҚІӘҚ төрағасының орынбасары Дана  Жантемірова, Алматы қаласы бойынша ҚІӘҚ «Жас қанаттар» жастар қанатының мүшесі және Алматы қаласы бойынша «Қайырымдылық керуені» байқауының координаторы Әсел Нұрқанова қатысты.

Бесінші рет өткізіліп отырған «Қайырымдылық керуені» байқауы игі іс жасауға қол ұшын созатын жандарды анықтауға, халықтың азаматтық бастамасын жандандыруға және мейірімділік, гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды.

Жобаны «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «КТК» телеарнасы жүзеге асырады. Оған әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Байқауға кәсіпкерлік субъектілері, қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) байланысты адамдар қатыса алмайды.


Лауреаттар мына номинациялар бойынша анықталады:

- «Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға табысталады;

- «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады;

- «Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. Бұл номинация шеңберінде шұғыл қызмет (ТЖ, ІІМ, Жедел жәрдем және т. б.) қызметкерлерінің арасында ең үздіктерге қосымша жеңімпаз атағы берілуі мүмкін;

- «Мейірім жолында» номинациясы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға беріледі;

- «Қайырымдылық тарихы» номинациясы қайырымдылық, әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналистке немесе шығармашылық ұжымға беріледі;

- «Бала жүрегі» номинациясы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен батырлығы және қайырымдылық іске қатысқаны үшін 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге беріледі.

- «Жануарға мейірім» номинациясы жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін, сонымен бірге, жануарлар әлеміне қатысты мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттайтын лауреатқа беріледі.

Байқауға қатысуға өтінімдер 2022 жылдың 30 желтоқсанына дейін қабылданады. Қатысу туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады. Анықтама телефондары: 8-702-999-92-10 Асель Нурканова (Алматы қ.бойынша байқаудың координаторы), 8-747-866-92-80 Айсулу Алишова.

https://dalanews.kz/aimak/82635-respublika-kuni-qarsangynda-shqo-da-mad

https://dalanews.kz/news/82622-v-kazakhstane-startoval-konkurs-kara

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар