Парламент сенаты кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу нәтижесінде мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон ұстауға болмайтыны туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңда оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға шектеу қою туралы норма бар. Ал үзіліс кезінде телефон ұстауға болады.
Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы балаларға білім беру мен олардың қауіпсіздігіне байланысты бірнеше нормамен таныстырып өтті.
"Сабақ кезінде ұялы телефондарға тыйым салу, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған", - деді сенат депутаты.
Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне арналған терезелерді қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз етуге байланысты норма да бар.