Электр қуатымен тамақ өнімдерін өңдеп, ұзақ уақыт сақтаудың жолы табылды

Dalanews 10 қаң. 2017 04:14 1273

Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ ғалымдары азық-түлік өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізат көздерін электрлі-физикалық тәсілмен өңдеп, ұзақ уақыт сақтаудың тың тәсілін ойлап тапты, – деп хабарлайды «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Баспасөз қызметі.

Ғылыми жобағы ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдарының академигі, т.ғ.д. профессор Ж.С. Әлімқұлов жетекшілік жасаған.

Бүгінде ауыл шаруашылық және тамақ өнімдерін ұзақ уақыт сақтау үшін химиялық өңдеуден өткізетіні белгілі. Бұл тәсілден кейін тамақ өнімдерінің маңызы төмендеп, кейде олар адам денсаулығына кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Сонымен қатар химиялық өңдеу қоршаған ортаға залалын тигізіп, кәсіпорындарды біраз шығынға батыратынын да білеміз.

Алдағы уақытта азық-түлікті химиялық жолмен өңдеудің дәстүрлі тәсілін – электрлі-физикалық жолмен өңдеу технологиясы алмастыру мүмкін. Жалпы бұл тәсілдің пайда болғанына 50 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында ғалымдар тамақ өнімдерін электрлі-физикалық тәсілмен өңдеудің технологиясын айтарлықтай жетілдірді. Бүгінде бұл іске қазақ ғалымдары да өз үлесін қосқанына куә болып отырмыз.

Тамақ өнімдерін электрлі-физикалық тәсілмен өңдеуде қуат көзі негізінен тамақты бұзылуына әкеп соғатын микроорганизмдерді иондауға бағытталады. Нәтижесінде ауру тудыратын бактериялар мен вирустардың белсенділігі төмендеп, азық-түлік ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік туады.

Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ ғалымдары электрлі-сәулелер арқылы бидай, ұн және отандық макарон өнімдерді өңдеудің жаңа үлгісін ұсынуда. Сонымен қатар тамақ өнімдерді кептіріп, мұздатудың тың жолын тапқанын айта кетуіміз керек. Алдағы уақытта ғалымдарымыз ойлап тапқан технологияны еліміздегі тамақ өнеркәсібемен айналысатын кәсіпорындардың бәрі пайдалануына болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар