Су ресурстары және ирригация министрлігі үш облыстағы су қоймаларында шағын СЭС салу жобаларын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазсушар" мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында, Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр.
Қазір үш жоба да мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр.
"Жол картасын іске асыру нәтижесінде "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық нысандарында жыл сайын өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемі 30 МВт-қа жетеді. Қазір кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі Достық гидроторабында орналасқан", - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
