Көшпелі көрме жоба аясында Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты кәсіби сессия өтті. Шара мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттаудағы электрондық ресурстар мен технологияларды қолдану мәселелеріне арналды.
Кәсіби сессия «Open Space» –ашық кеңістік технологиясы үлгісінде өтті. Қазіргі таңда аталған технология қарым-қатынасты орнату мен бірлескен шешімдер қабылдаудың тиімді әдісі ретінде әлем бойынша кеңінен қолданылады. Сессияның мақсаты - мәдениет және білім беру саласындағы инновациялық даму мен ақпараттандыруда өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу. Сондай-ақ, музей, кітапхана, архив, білім беру және ғылыми мекемелердің қызметіне ақпараттық технологиялардың тигізетін әсері, материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы сандық технологиялардың рөлін айқындау.
Сессия аясында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы ауқымды жобаның облыста өтіп жатқандығы өңір үшін аса маңызды шара екендігін жеткізді.
– Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы - облыстар арасында Оңтүстік Қазақстаннан басталып отыр. Елбасы кітапханасының аса маңызды мұндай шараны өткізуі – Оңтүстіктің тұрғындары үшін үлкен құрмет. Бұл көрмені үш ай бойы оңтүстіктің халқы тамашалайтын болады, – деді Ұласбек Сәдібеков.
Сессия жұмысы үш бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, музей, кітапхана және архив салаларына арналды. Сессия аясында «Музей» автоматтандырылған жүйесі, Елбасының электрондық кітапханасы таныстырылды. Елбасының жеке архивінің ақпараттық-анықтамалық ресурстарын құрастыру мен қолданудың тәжірибесі және музейтанулық «Музей жинағы» жобасының жұмыстары баяндалды.
Сонымен қатар, сессияда кітапханалық қор жинағы бойынша ақпаратқа еркін қол жеткізу, ақпаратты музейлік, ғылыми бағытта қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
https://dalanews.kz/34031