Экс-депутат алаяқ әйелге 80 млн теңгесін беріп жіберген

Экс-депутат алаяқ әйелге 80 млн теңгесін беріп жіберген
жи: dalanews

Косметологиялық клиникалар желісінің басшысы бірнеше адамды ондаған миллион теңгеге алдап кеткен. Жәбірленушілердің арасында қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты да бар. Ол кәсіпкер әйелге бизнесін дамыту үшін 80 миллион теңге берген. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сотталушы – 33 жастағы Айгерім К. есімді әйел. Ол инвесторларға Оңтүстік Кореядан медициналық аппараттар сатып алып, оларды ТМД елдеріне қайта сату және клиникалар желісін кеңейту арқылы табыс табуды ұсынған.

Алайда оның ұсынысына сенген адамдар ақшасынан айырылған.

Жәбірленушілердің бірі бастапқыда кәсіпкерге қолма-қол 10 миллион теңге берген. Кейін банктен 24 миллион теңге несие рәсімдеп, оны да әйелге тапсырған. Тағы бір әйел жеке үйін сатып, түскен ақшаны оның бизнесіне салған. Қазір сотталушы оған 14 миллион теңгеден астам қарыз.

Ең көп шығынға ұшырағандардың бірі – қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты. Ол Айгеріммен жақсы қарым-қатынаста болған, оның клиникасында қызмет алған және кәсіпкерге сенген. Осылайша әйелге жалпы сомасы 80 миллион теңге берген.

Бастапқыда кәсіпкер қарыздың бір бөлігін ай сайын қайтарып отырған. Алайда кейін төлемдер тоқтаған. Бұрынғы депутаттың айтуынша, пайыздарды қосқанда әйелдің оған берешегі 97 миллион теңгеге жеткен.

Қылмыстық іс бойынша барлығы бес эпизод қаралған. Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, ол ешкімге бизнеске инвестиция салуды ұсынбаған, тек қарызға ақша алған. Сондай-ақ жәбірленушілердің бірінен 59 миллион теңге алып, кейін 89 миллион теңге қайтарғанын айтқан. Бірақ олардың арасындағы достық қарым-қатынасқа байланысты ақшаның қайтарылғанын құжат жүзінде рәсімдемегенін мәлімдеген.

Ал бұрынғы депутаттың полицияға арыз жазуын әйел оның қоңырауларына жауап бермей қойғанымен түсіндірген. Сотталушының сөзінше, ол кезде уақытша ұстау изоляторында болғандықтан, телефон қоңырауларын қабылдай алмаған.

Сот Айгерім К.-ны барлық эпизод бойынша алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алайда ол бірден түрмеге қамалмайды. Сот төрт баланың анасы екенін, кенже баласы биыл шілдеде дүниеге келгенін ескеріп, жазаны өтеуді бес жылға кейінге қалдырған. Үкімде сотталған әйелдің ажырасқаны да көрсетілген.

Сонымен қатар сот оған жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуді міндеттеді. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.