Екпе алмаған балалар көбейген: Үкіметте қызылша қайта талқыланды

Самал Асқар 12 ақп. 2026 09:29

Астанада қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды Dala News.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға шалдығу көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 85% төмендеген. Алайда биылғы жылдың басынан бері 1951 жағдай тіркелген.

Ең жоғары сырқаттанушылық Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарында байқалады. Аурудың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Мамандардың айтуынша, науқастардың көпшілігі екпе алмаған, оның ішінде вакцинациядан бас тарту жағдайлары да бар.

Кеңес Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті. Жоғары көрсеткіш тіркелген өңірлер әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.

Профилактикалық екпемен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бірқатар өңірде жоспарлы көрсеткіштер орындалмаған. Әсіресе Маңғыстау облысында негізгі вакциналар бойынша қамту деңгейі төмен күйінде қалып отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірлік штабтарға қызылша бойынша жағдайды күн сайын талдау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде атаулы жұмысты күшейту және иммундаудың маңызын түсіндіру бағытындағы ақпараттық жұмысты жандандыру тапсырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove