Экобелсенді Алматы облысындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғауды талап етті

Сағыныш Сардарова 22 қыр. 2025 16:41

Экобелсенді Тимур Елеусізов Алматы облысындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғауды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрт бір аптадан кейін ғана толық ауыздықталды. Осы уақыт ішінде түтін мен жағымсыз иіс мегаполиске дейін жетті.

Экобелсенді, Мәслихат депутаты Тимур Елеусізов бұл жағдай жазасыз қалмауға тиіс деп санайды.

"Прокуратура жұмыс істеп, қылмыстық іс қозғауға тиіс. Мысалы Ұзынғаш ауданында бір айға созылған қоқыс өртінен кейін прокуратура полигон иесіне қатысты қылмыстық іс қозғаған. Бізде полигон қожайындары процестерді басқармайды, оларды негізінен бір нәрсе ғана қызықтырады: тұрмыстық қалдықтарды қабылдау. Ақшасын алып, пайда табады. Ал олар тұрақты түрде рекультивация жасап, қоқысты сұрыптауы керек", – деді Елеусізов.

Мән-жайы

Бір аптадай уақыт бұрын Алматы – Өскемен тасжолының 35-шақырымында, Алатау ауылы маңындағы "ADC TAZA ALEM" ЖШС-іне тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққан еді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жалпы аумағы 35 гектар болатын полигонның шамамен 10 гектар жерінде қоқыс жанған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар