Қырғызстанның Жалал-Абад облысына қарасты Ақсы ауданында 34 жастағы Гүлзат Құрманбекованың өліміне қатысты тексеру жүріп жатыр. Марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып, істің әділ тергелуін талап етті. Ал күйеуінің туыстары тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Гүлзат Құрманбекова 8 тамызда асылып қалған күйінде табылған. Анасы Гүлжамал Нарматованың сөзінше, қызының денесінен түрлі жарақат белгілері байқалған. Осыған байланысты отбасы оның өліміне зорлық-зомбылық себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Марқұмның жақындары Гүлзаттың бұған дейін де отбасында қиындықтарға тап болғанын айтады. Оның сіңлісі Нұрзаттың мәлімдеуінше, ерлі-зайыптылар арасында күйеуінің басқа әйелмен қарым-қатынасына байланысты жанжал туындаған.
«Әпкем ол қызды немесе мені таңдайсың дегенде, "мен екеуіңді де тастай алмаймын, оны да тастай алмаймын, балаларымды, сендерді де тастай алмаймын" деген. Қайтыс болардан бір күн бұрын сол қыздың үйіне барып, жанжал болған. Әпкеммен соңғы рет сөйлескенде өлетіндей жағдайда емес еді», – дейді марқұмның сіңлісі.
Гүлзат күйеуімен 14 жыл бірге тұрып, үш бала тәрбиелеген.
Алайда күйеуінің туыстары марқұмның жақындары айтқан нұсқамен келіспейді. Қайын әпкесі Гүлжайна Атаканова оның соққыдан қайтыс болғаны және ер адамның екінші әйел алғаны туралы мәліметтерді жоққа шығарды.
«Ешқандай соққыдан қайтыс болған жоқ. Екеуінің арасында ұрып-соғып, көгертіп тастаған жағдай болған емес. Інім екінші әйел алған жоқ. Бұл – жалған ақпарат. Ұрып өлтірді деген сөз де шындыққа жанаспайды», – деді ол.
Қазір марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы әзірге шыққан жоқ.
Жалал-Абад облыстық милициясының мәліметінше, оқиға 9 тамызда Ақсы аудандық ішкі істер бөлімінде тіркеліп, тергеуге дейінгі тексеру басталған. Сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін заң аясында тиісті шешім қабылданады.