“Екінші рет…”. Сейсембаевтың елден кетуіне не себеп болды?

Dalanews 12 қаң. 2018 09:53 1166

Бизнесмен Марғұлан Сейсембаев елден кетті. Неге кеткенін, не себепті кеткенін айтқан негізі. 

Тергеу органдары оны “БТА банктен қаржы қымқырған” деген күдікпен тұтқындалған Ескендір Ерімбетовтің ісіне байланысты жауап алуға шақырған. Әлденені іші сезген Сейсембаев шетелге кетті сол себепті.

Мұнысы бас сауғалауға ұқсамайды. Десек те “өзімнің және отбасымның қауіпсіздігіне кепілдік берілсе ғана Қазақстанға қайта оралам” дейді бизнесмен.

Антиәблязов науқаны


Журналист Сергей Дувановтың айтуынша Марғұланның басына бұлт үйірілді.
Әблязовтың қыр соңына түскен билік ақиқат пен аңызды ажыратудан қалды.

“Әблязовтың соңына түскен билік, биліктің қолшоқпарлары жоқ жерден ілік іздеуге көшкен әзір. Үш әріп Әблязовқа тырнақ ұшындай қатысы барлардың барлығын жан алқымнан алуда. Сейсембаев бергі жағы, уақыт өте келе Әблязовтің қолын алғандарға, жүз көріскендерге кезек келеді”, – дейді Дуванов.

Айтуынша, биліктің Әблязовқа қарсы күрес науқаны соңғы кездері ақылға симайтын сипат алған 

“Тергеушілер күдіктілерді Әблязовқа қарсы сөйлеуге, Әблязовтың атына күйе жағуға, Қазақстанның барлық сәтсіздігі мен бақытсыздығын Әблязовтың бір басына аударуға мәжбүрлеуде. Осы арқылы “Батыстың Мұхтар жайлы ойы өзгереді. Әблязовты кері қайтарып береді” дегеннен дәмелі біздің билік.

Мұнысынан түк шықпайды. Түк шықпайтынын мұнымен айналысып жүргендердің іші сезеді. Жоғарыға жеткізуге жүрегі дауаламайды, бірақ”, – дейді Дуванов.

Айтуынша бұл науқанды өз мүддесіне пайдаланып жүргендер де бар. Осы арқылы биліктегі саяси оппоненттерін аяқтан шалып, атышулы Әблязовпен байланыстырғысы бар. Бұл нені білдіреді сонда?

“Бұл Мұратхан Тоқмади, Ескендір Ерімбетов пен Марғұлан Сейсембаевтың басына түскен күн ертеңгі күні басқаларға туады деген сөз.
“Әблязовпен ауыз жаласқан” деген айыпты аспаннан алып бизнестегі, биліктегі қарсыластары мен дұшпандарын тобықтан қағады.

Жоқ, рас. Елге танымал кәсіпкерлердің көпшілігі Әблязовпен таныс, тіпті бір жылдары бірігіп бизнес жүргізген…Әблязовтың қыл соңына түскен биліктің мұны ескермеуі мүмкін емес”, – дейді Дуванов. 

Осыдан сегіз жыл бұрын…


Айтуынша, күні кеше елден кеткен Марғұлан Сейсембаев басқаларға да ой салып кетті. Оның ізін ала биліктен теперіш көргенді қаламайтын басқа кәсіпкерлер де Сейсембаевтың соңынан ілесуі мүмкін.
Айта кетсек, бұл бизнесменнің Қазақстаннан бірінші кетісі емес.

2009 жылы Қаржы полициясы 67 пайыз акциясы мемлекетке меншігіндегі “Альянс банктің” бір топ басшысының үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұларға «сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иеленді және ысырап қылды» деп айып тағылған.

Міне сол кезде – банктің бірнеше қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған тұста шетелде демалып жатқан Марғұлан Сейсембаев өзіне қатысты істің әділ жүретініне «күмәні барын» айтып, елге оралуға асықпай шетелде қалған.

2010 жылы қайта оралған. Орала сала акциясының басым бөлігі мемлекетке тиесілі банктің қаржысынан бір тиын ұрламағанын, оған қатысты айтылған айыптардың бәрі негізсіз екенін айтқан.

– Ешкімнен ештеңе ұрлағам жоқ. Мемлекеттің салған ақшасының барлығы банктің есепшотында тұр. Ел-жұртқа несие барып жатырмыз. Көк тиын жоғалған жоқ. Алып-қашпа әңгіме айтпай тұрып, алдымен дәлелдеу қажет. Елге өзімнің таза екенімді дәлелдеу үшін оралдым, – деген бизнесмен.
Әрі Әблязовқа мүлде қатысы жоқтығын айтқан.

“Мені Рахатпен (Әлиев, ред.) де, Мұхтармен де байланыстармаңыздар. Ешуақытта бұлардың саяси іс-әрекеті мен принципін қолдаған емеспін. Ешқашан оппозиция қатарында болған жоқпын. Назарбаевтың алдында адалмын. Назарбаевқа адалмын және алдағы уақытта да адал күйде қала беремін, – деп айтқаны есімізде.
Араға сегіз жыл салып Сейсембаев тағы да елден кетті…

Өзінің Фейсбуктегі парақшасында Марғұлан Сейсембаев “БТА банкінен ақша қымқырған” деген күдікпен ұсталған бір кездегі бизнес серіктесі Ескендір Ерімбетовті тұтқындаудағы түпкі мақсат – оның қазіргі таңда Еуропада тұрып жатқан туысын Мұхтар Әблязовқа қарсы куәлік беруге көндіру болуы мүмкін деп болжады.

Сейсембай айтып отырған Ерімбетовтің туысы кім? Ол – бір кездері Әблязовтың заңгері болған Ботагөз Жәрдәмәлі.

“Анығында, менің ойымша Ескендірді Мұхтар Әблязовтың заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліге бола тұтқындаған сияқты. Себебі Қазақстанда Ескендірдің ауқымды бизнесі жоқ. Осы арқылы тергеушілер Ботагөз Жәрдемәліні Әбілязовқа қарсы куәгер еткісі бар. Бірақ бұл менің болжамым ғана”, – дейді Марғұлан Сейсембаев.

Елден кетуі кетсе де бизнесмен тергеушілер сұрағына “скайп арқылы жауап беруге” әзір екенін айтуда.

Аз ақпарат…


Марғұлан Сейсембаев – 51 жаста. Жезқазған жерінде өмірге келген. Малшының баласы. Әзіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Заң факультетін тәмамдаған.
Бизнестің от пен суынан өткен Сейсембаев 2002 жылы туған ағасы Асқар Ғалин екеуі бірлесіп “Альянс банкін” ашты.

2006 жылы банктің директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

2009 жылы дағдарыс тұсында банктің бақылау пакетінің біршама бөлігі «Самұрық-Қазына» қорының меншігіне берілді.

 

ДайындағанДуман БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар