Екібастұзда бір жарым жастағы баланың өлімі: анасы істің жабылуына наразы

Ақтоты Жапатова 07 ақп. 2026 12:30

Екібастұз қаласында бір жарым жастағы баланың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Сәби 2025 жылдың желтоқсан айында көз жұмған, деп хабарлайды Dalanews.kz "Almaty.tv"-ға сілтеме жасап.

Дәрігерлер баланы стоматит диагнозымен емдеген, алайда қайғылы жағдайға бірнеше сағат қалғанда ауыр екіжақты пневмония анықталған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізген тексеріс барысында балаға уақытында рентген жасалмағаны және қан талдауы алынбағаны белгілі болды.

Алайда соған қарамастан, медицина қызметкерлері қылмыстық емес, тек әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.

"Екібастұз қалалық ауруханасы мен Екібастұз қаласындағы №1 емхананың медицина қызметкерлерінің әрекеттерінен Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық құрамы белгілері жоқ. Атап айтқанда, бұл - медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін салғырт немесе адал орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдай", - деп хабарлады қалалық прокуратура.

Осы қорытындыға сүйене отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған. Баланың анасы Валентина Хамитова істің жабылғанын бірнеше күннен кейін ғана білгенін айтып отыр. Оның сөзінше, жолдаған өтініштері қаралмаған.

«Маған 3 ақпанда ғана істің жабылғаны туралы хабарлады. Бұған дейін өтініш жолдаған едік, бірақ оны ешкім қарамаған. Телефон арқылы хабарласқанымда ғана істің тоқтатылғанын білдім. Бұл қалай?» – дейді ол.

Қазіргі уақытта анасы істі қайта қозғауды, қосымша сараптама тағайындауды және баланы емдеген барлық дәрігерлерден жауап алуды талап етіп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove